Accessibility links

Ауғанстанда сайлау кезінде 200-ге жуық шабуыл жасалған


Сайлау учаскесіне дауыс беруге келген сайлаушыларды тіркеу. Бамиян уәлаяты, Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.
Сайлау учаскесіне дауыс беруге келген сайлаушыларды тіркеу. Бамиян уәлаяты, Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.

Ауғанстанда сенбіде басталған парламент сайлауы кезінде радикалды исламшылдар 200-ге жуық шабуыл жасаған. Мұндай ақпаратты ауған басылымдары таратты. Баспасөздің хабарлауынша, шабуылдар салдарынан кемінде 50 адам қаза тауып, 200-ден астамы жараланған. Associated Press агенттігі бүгін Ауғанстанның шығыс аймағында жарылыстан алты бала мерт болған деп хабарлады.

Жергілікті билік шабуылдарға "Талибан" радикалды қозғалысын айыптайды. Ауғанстан сыртқы істер министрлігінің басшысы Ваис Ахмад Бармак шабуылдардың көбі сайлау учаскелеріне қарсы жасалды деп мәлімдеді. Ол сайлауды "үкіметтің зор жетістігі" деп атаған.

Бүгін Ауғанстанда 401 сайлау учаскесінде дауыс беру жалғасып жатыр. Азаттықтың Ауған қызметінің хабарлауынша, жексенбі күні таңертеңге дейін тіркеу тізіміндегі тоғыз миллион сайлаушының үштен бірі дауыс берген. Сайлауға дауыс бергендер саны бойынша ел астанасы Кабул алдыңғы орында тұр.

Ауғанстандағы БҰҰ миссиясы жихадшылар тарапынан қорқытып-үркітуге қарамастан дауыс берген сайлаушы саны көп екенін айтады.

Ауғанстан сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала қорытындысы қарашаның 10-ына қарай жарияланады деп мәлімдеген. Сайлаудың түпкілікті қорытындысы желтоқсанда белгілі болмақ.


Ауғанстан парламентіндегі 249 орынға бұл сайлауда екі жарым мың кандидат тіркелген. Олардың 47-і – әйелдер.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани сайлаушылардың барлығын шабуылдарға қарамастан дауыс беру құқықтарын пайдалануға үндеген. Үкіметке қарсы "Талибан" қозғалысы мен "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының осы аймақта соғысып жүрген өкілдері тұрғындарды сайлауға бойкот жариялауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG