Accessibility links

Түркия Хашоггидің қазасы жайлы "бүкіл шындықты" ашуға уәде етті


Саудиялық журналист Жамал Хашогги. Лондон, 29 қыркүйек 2018 жыл.
Саудиялық журналист Жамал Хашогги. Лондон, 29 қыркүйек 2018 жыл.

Түркиядағы билік партиясы басшысының орынбасары Нуман Куртулмуш саудиялық оппозициялық журналист Жамал Хашоггидің қазасының "бүкіл шындығын" ашуға уәде берді деп хабарлайды Associated Press.

"Түркия мұны жасыруға жол бермейді" деп мәлімдеген елдің бұрынғы вице-премьері Куртулмуш.

Ол қазір түрік полициясы жүргізіп жатқан Хашогги қазасының тергеуінің жай-жапсарын ашуға уәде еткен. Куртулмуш бұл сөзін Сауд Арабиясы билігі Стамбулдағы консулдығында Хашоггидің қаза болғанын мойындағаннан кейін айтқан.

Сенбіге қараған түні Сауд Арабиясының мемлекеттік прокуроры Жамал Хашоггидің Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығындағы жанжалдан кейін қаза тапқаны туралы мәлімдеген. Қылмысқа қатысы бар күдікті ретінде Сауд Арабиясының 18 азаматы ұсталған. Сауд Арабиясының тақ мұрагері ханзаданың кеңесшісі болған жоғары лауазымды екі адам қызметтерінен босатылған. Олардың бірі – барлау қызметі басшысының орынбасары, генерал-майор Ахмед әл-Ассири. The New York Times басылымының дерегінше, ел билігі оны журналистің қазасына айыпты деп атамақшы да болған.


Саудиялық оппозициялық журналист Жамал Хашогги қазанның 2-і күні Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығына кіргеннен кейін жоғалып кеткен. Түркиялық тергеушілер Хашоггиді консулдық территориясында өлтірген деген болжам жасаған. Ел билігінің қолына түскен таспада Түркияға арнайы ұшып келген адамдардың консулдықта Хашоггиден жауап алып, кейін азаптап өлтіргенін дәлелдейтін дауыстар жазылып қалған деген ақпарат тараған.

Хашоггидің өлімі дипломатиялық жанжалға себеп болды. Журналист жоғалып кеткен соң Еуропа Одағы мен АҚШ Сауд Арабиясына қарсы санкциялар салу мүмкіндіктерін талқылауға кіріскен. АҚШ президенті Дональд Трамп егер Хашоггидің қазасының артында Сауд Арабиясы билігі тұрғаны анықталса, онда Эр-Риядқа қарсы шаралар қолданатыны туралы мәлімдеген.

Сауд Арабиясы билігінің мәлімдемесін Трамп "сенуге лайықты" деп атаған. "Біз тергеумізді аяқтаған жоқпыз, бірақ бұл [мәлімдеме] - маңызды алғашқы қадам деп ойлаймын" деген Трамптың сөзін келтірген AFP агенттігі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG