Accessibility links

Ашраф Ғани: Ауған сайлаушылары "жауды" жеңуге ынталы екенін көрсетті


Кабулда сайлау учаскесінің алдында кезекте тұрған сайлаушылар. Ауғанстан, 21 қазан 2018 жыл.
Кабулда сайлау учаскесінің алдында кезекте тұрған сайлаушылар. Ауғанстан, 21 қазан 2018 жыл.

Ауғанстанда 21 қазанда аяқталған парламент сайлауына дауыс беру құқығы бар тоғыз миллионға тарта азаматтың төрт миллионға жуығы қатысты. Бұл туралы Ауғанстан тәуелсіз сайлау комиссиясының басшысы Абдул Бади Сайятқа сілтеме жасаған Азаттықтың Ауған қызметі хабарлады.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани халыққа үндеуінде сайлауға азаматтардың белсенді қатысуы "сайлаушылардың күші мен олардың жауды жеңеміз деген ынтасын" көрсеткенін мәлімдеді.

Ауғанстандық басылымдардың хабарлауынша, 20-21 қазанда болған парламент сайлауы кезінде радикалды исламшылдар 200-ге жуық шабуыл жасаған. Шабуылдар салдарынан кемінде 50 адам қаза тауып, 200-ден астамы жараланған.

20 қазан күні жүздеген сайлау учаскесі техникалық себептерге байланысты немесе қауіпсіздік тұрғысынан жабық болғандықтан дауыс беру 21 қазанға дейін ұзартылды.

Ауғанстанның сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала нәтижесі 10 қарашадан кейін, ал түпкілікті нәтиже желтоқсан айында жарияланатынын мәлімдеді.

Ауғанстан парламентінде 249 депутат бар. Депутаттыққа екі жарым мыңнан астам адам үміткер болды. Олардың 400-ден астамы - әйелдер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG