Accessibility links

Джон Болтон Мәскеуге сапарлап барды


АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон (сол жақта) мен Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев. Мәскеу, 22 қазан 2018 жыл.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон (сол жақта) мен Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев. Мәскеу, 22 қазан 2018 жыл.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтонның 22 қазанда Мәскеуге сапары басталды. Сапар АҚШ президенті Дональд Трамп орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімнен шығатыны туралы мәлімдеп, жағдай шиеленісе бастаған кезде жасалып отыр.

Джон Болтон 22 қазанда Мәскеуде әріптесі - Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевпен кездесті. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы президент Владимир Путин саналады. Болтон бүгін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен, 23 қазанда президент Владимир Путинмен кездеседі.

Бұл кездесулер қарсаңында Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков Ресей Болтон АҚШ-тың орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды азайту туралы келісімге қатысты ұстанымын айқындап береді деп үміттенетінін мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп 20 қазан күні Вашингтонның орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды азайту туралы келісімнен шығатынын мәлімдеген. Ақ үй басшысы Ресейдің келісім талаптарын бұзғанын ғана айтып, басқа мәлімет бермеген.

АҚШ пен СССР арасында орта және шағын қашықтыққа ұшатын ядролық зымырандарды жою туралы 1987 жылы жасалған келісім АҚШ пен Ресейге радиусы 300-ден 3400 миль қашықтыққа дейін жерден ұшатын баллистикалық және қанатты зымырандарды шығаруға, сынақтан өткізуге және сақтауға тыйым салады.

Сергей Рябков бұдан бұрын АҚШ-тың бұл келісімнен өз бетімен шығуы "өте қауіпті қадам" болатынын және оған "әскери-техникалық тұрғыдан" жауап шаралары жасалуы мүмкін екенін мәлімдеген. Қытай да 22 қазанда біржақты шешім қабылдаудың кері салдары болуы мүмкін екенін мәлімдеп, Вашингтонды бұл мәселені "ақылмен" шешуге шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG