Accessibility links

Варфоломей: Ресей Украинаға қарсы үгіт-насихатты қаржыландырып отыр


Константинополь патриархы Варфоломей.
Константинополь патриархы Варфоломей.

Бүкіләлемдік патриарх Варфоломей Мәскеу патриархы Кириллге Константинополь патриархатының қысымға мойымайтынын мәлімдеп, Украин православие шіркеуіне қатысты ұстанымын айқын білдірді. Бұл туралы "Ортодоксия-Инфо" сайты хабарлады.

Стамбулда православтар алдында сөйлеген патриарх Варфоломей Константинополь патриархатының Украина мәселесіне қатысты құзыреті Бүкіләлемдік соборлардың шешімінен бастау алатынын және барлық православие шіркеуіне міндетті екенін айтты.

"Біздің Ресейдегі бауырларымыз мұны қаласын, қаламасын, таяуда Бүкіләлемдік патриархаттың шешімін мойындайды. Себебі оларда бұдан басқа таңдау болмайды" деді Варфоломей. Ол БАҚ-тағы Украина шіркеуіне қарсы ақпараттарды "Ресей жағынан қаржыландырып отырғанын" білетінін де айтты. Варфоломейдің пікірінше, Ресей жағы Бүкіләлемдік патриархатқа қарсы осылайша жауап бергісі келеді.

Бүкіләлемдік патриархат Мәскеудің өзін Украинаға қатысты айыптап жатқанына байланысты бірінші рет жауап беріп отыр.


Константинополь патриархы Варфоломей қазанның 11-і күні Украина православие шіркеуіне өзін-өзі басқару құқығы - автокефалия беруге шешім қабылдаған.

Орыс православие шіркеуі Бүкіләлемдік патриархаттың бұл шешімін "қауіпті" әрекет деп атаған. Орыс православие шіркеуі 15 қазанда Минскіде жиын өткізіп, Константинополь патриархатымен евхаристиялық байланысын толық үзген.

Украина аумағында қазір православиелік үш ұйым бар. Олар - Мәскеу патриархатының Украин православие шіркеуі, Киев патриархатының Украин православие шіркеуі және Украин автокефальді православие шіркеуі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG