Accessibility links

Болтон: Мәскеудің "АҚШ бопса жасап отыр" дегені - жалған


Джон Болтон, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі. Мәскеу, 22 қазан 2018 жыл.
Джон Болтон, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі. Мәскеу, 22 қазан 2018 жыл.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон Ресейдің "Вашингтон орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен шығамыз деп бопса жасап отыр" деген айыптауын терістеді. Вашингтон келісімнен Мәскеу шартты бұзып, орта қашықтыққа ұшатын жаңа зымыран жасап жатыр деген себеппен шығатынын айтады.

Болтон бұл туралы 22 қазан күні кешке Мәскеуде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездескен соң мәлімдеді. Лавров пен Болтонның кездесуінен екі күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон 1987 жылы СССР-мен жасалған орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен шығатынын мәлімдеген.

Болтон сонымен қатар Вашингтонның Еуропада Мәскеуге бағыттайтын баллистикалық зымырандар орнату жөнінде әлі шешім жасамағанын айтты.

22 қазанда Ресей Сыртқы істер министрлігі Лавров пен Болтон екі ел арасындағы "өзара іс-қимылдың даму келешегін", оның ішінде "аймақтық қақтығыстарды реттеу, терроризммен күрес, стратегиялық тұрақтылықты қолдауды талқылағанын хабарлаған.

Сергей Лавров пен Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ-тың келісімнен шығуы "қауіпті" екенін, Мәскеу бұған жауап шараларын қолдануға мәжбүр болатынын ескерткен.

АҚШ-тың одақтасы Еуропа Одағы Вашингтонның келісімнен шығу ниетіне алаңдаған. Еуропа Одағының атқарушы комиссиясы Вашингтон мен Мәскеуді "келісімді сақтап қалу үшін келіссөз жүргізуге" шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG