Accessibility links

UHRP халықаралық қауымдастықты Қытай билігіне қысым жасауға шақырды


Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Қашғар қаласында көшеде қарауылдап жүрген полиция қызметкерлері. Қытай, наурыз 2017 жыл.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Қашғар қаласында көшеде қарауылдап жүрген полиция қызметкерлері. Қытай, наурыз 2017 жыл.

Әлемдегі ұйғырлардың құқығын қорғаумен айналысатын Uyghur Human Rights Project (UHRP) ұйымы Шыңжаңда ұйғыр зиялы қауым өкілдері ерекше қудаланып жатқаны туралы дабыл қағып, халықаралық қауымдастықты Қытай үкіметіне мұны тоқтатуына ықпал етуге шақырды.

Ұйым "Ұйғыр аймағындағы зиялы қауымның қудалануы: Мүлдем із-түзсіз жоғалды ма?" деп аталатын есебінде Қытай билігінің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында (бұдан ары Шыңжаң) ұйғыр зиялы қауым өкілдері мен ғалымдарының жаппай қудаланып жатқанын айтады.

Ұйым есебінде 2017 жылдың сәуір айынан бері Шыңжаңда 231 зиялы қауым өкілінің қалай із-түзсіз жоғалып, саяси үйрену орталықтарына жабылғаны, қызметтерінен алынғаны немесе түрмеге жабылғаны туралы баяндалады.

UHRP есебінде "Қытай коммунистік партиясы мемлекеттің жазалаушы саясатына қарсы ой-пікірді тұншықтыру үшін ұйғыр академиктерін, студенттері мен өнер адамдарын, оның ішінде құқық қорғаушы әрі ғалым Ильхам Тохтиді ұдайы қудалап келген. Алайда, зиялы қауым өкілдерін соңғы қудалаулар этникалық басып-жаныштаудың одан ары күшейгенін көрсетеді. Себебі, мемлекет пен партияға адал ұйғырлардың өзіне қазір сепаратизмді қолдады және "екіжүзді" деген сияқты ақылға қонымсыз айыптар тағылып отыр" деген.

Құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Шыңжаңда мұсылман аз ұлттар өкілдеріне қарсы қудалау басталғалы бері аймақта белгілі ғалымдар, университет басшылары - Қашғар университетінің президенті Эркин Омер, вице-президенті Мухтер Абдугофур қызметінен алынған, қазір олардың қайда екені белгісіз. Шыңжаң университетінің бұрынғы президенті Ташполат Тиип пен Шыңжаң медицина унверситеті клиникасының бұрынғы басшысы Халмурат Гофур шартты түрде өлім жазасына кесілген.

UHRP ұйғыр зиялы қауым өкілдерінің із-түзсіз жоғалуы Қытай үкіметінің "қайта тәрбиелеу" кампаниясы тұрғындардың радикалдануымен және терроризммен күрес мақсатында жүргізіліп жатыр деген мәлімдемесін терістейтінін айтады. "Керісінше, ол ұйғырларды жүйелі түрде басып-жаншып, барынша желед түрде ассимиляцияға ұшырату арқылы өз тегінен айыру жоспарының бір бөлігі саналады" делінген ұйым есебінде.

Ұйым осыған байланысты Қытай билігін сотсыз, тергеусіз ұсталған барлық ғалымдар, өнер адамдары мен студенттерді азаптауды тоқтатып, дереу босатуды талап етеді. "Әлем елдері мен академиялық институттарды Қытай үкіметінен із-түзсіз жоғалған ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің қайда екені және тағдыры туралы ақпарат беруін талап етуге шақырамыз" делінген есепте.

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.

Оқи отырыңыз: "Қытайда қамалғандардың балалары отбасына жіберілуі керек"

​Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі жағдайды адам төзгісіз деп сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен қамаудағыларды босатуды талап еткен.

Қазанның 16-сы күні Шыңжаң үкіметінің төрағасы Шохрат Закир осындай орталықтардың арқасында аймақтағы жағдай діни экстремизмнен ада, "қауіпсіз әрі тұрақты" деп айтқан. Закирдің айтуынша, мұндай орталықтарда азаматтар мандарин тілін (қытай тілінің ірі диалектісі - ред.) меңгеріп, заманауи ғылымдар үйренеді. Саяси лагерьлерді "тегін кәсіп үйрену орталықтары" деп сипаттаған шенеунік мұнда "мамандық жетілдірумен қатар, спорттық мәдени шаралар өтетінін де" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG