Accessibility links

Түркістан облысында "аудан әкімі орынбасарына оқ атқан" күдіктілер ұсталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Түркістан облысы Төле би ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваны жеке тұрғын үйінің маңында атып, қашып кеткен күдіктілер Тараз қаласында ұсталды. Бұл туралы Азаттыққа облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова хабарлады.

Салтанат Қаракөзованың айтуынша, облыстық криминалдық полиция қызметкерлері Рабиға Бейсебаеваға оқ атты деген күдікке ілінген екі күдіктіні Тараз қаласынан ұстаған. Күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу басталған.

- Күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіруге оқталу" бабымен қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Өзге де іске қатысы болуы мүмкін деген күдіктілердің тұлғасын анықтау және оларды ұстау шаралары жүргізіліп жатыр, - дейді баспасөз хатшысы.

Оқ тиіп жараланған Рабиға Бейсебаева Леңгір қалалық ауруханасына жеткізілген. Қалалық аурухананың бас дәрігері Жандар Нышановтың Азаттыққа айтуынша, Рабиға Бейсебаеваның жағдайы қанағаттанарлықтай, өміріне қауіп жоқ. "Оқ басынан жанап өткен. Бас сүйегі аман" дейді бас дәрігер.

Қазанның 23-і күні Төле би ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсенбаеваны жеке тұрғын үйінің маңында белгісіз біреулер оқ атып, жарақаттаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG