Accessibility links

Сауд Арабиясының тақ мұрагері Хашоггидің өліміне комментарий берді


Мұхаммед бин Салман, Сауд Арабиясының тақ мұрагері.
Мұхаммед бин Салман, Сауд Арабиясының тақ мұрагері.

Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман оппозициялық журналист Жамал Хашоггидің өліміне өзінің кеңесшілерінің қатысы бар деген айыптаулардан кейін бірінші рет комментарий берді. CNN телеарнасының хабарлауынша, Эр-Риядта инвесторлар конференциясында сөйлеген Мұхаммед бин Салман журналисті өлтіруді "жантүршігерлік қылмыс" деп атады.

"Бұл Сауд Арабиясының барлық азаматы және бүкіл әлем үшін ауыр оқиға болды. Мұндай болмауы керек еді" деді тақ мұрагері. Ол Хашоггидің өліміне жауаптылардың заң алдында жауапқа тартылатынына уәде берді.

Өткен аптада Сауд Арабиясының билігі Хашоггиді корольдіктің Стамбулдағы консулдығында кеңседен қашып шықпақ болған сәтте "қылқындырып өлтіргенін" мойындаған. Хашогги 2 қазанда консулдыққа құжаттарын рәсімдеу үшін кіріп, қайта шықпаған.


Сауд Арабиясы билігі бұл іске қатысы бар деп 18 адамды тұтқындады және Хашоггидің туыстарына көңіл айтты. Тақ мұрагерінің жоғары шенді бес кеңесшісі қызметтерінен босатылды.

Дегенмен, Сауд Арабиясының Жамал Хашоггидің "абайсызда өлгені" туралы мәлімдемесіне Түркия билігі сенбейді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 23 қазанда Сауд Арабиясының билігі Хашоггиді қасақана және алдын ала жоспарлап өлтіргенін мәлімдеген. Ердоғанның сөзінше, журналисті өлтіруге алдын ала дайындалған арнайы екі топ қатысқан.

АҚШ Хашоггидің өліміне байланысты "Магнитский заңы" аясында Сауд Арабиясына қарсы санкция салуды қарастырып жатыр. Еуропа Одағы елдері де журналист өлімін тексеруді талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG