Accessibility links

Ақтөбеде балабақшаны басқаруына алған кәсіпкерлер жиын өткізді


Кәсіпкер Рашида Әлімжанқызы (сол жақта) сенімгерлікпен басқаруға алған балабақшасы жайлы айтып тұр.Ақтөбе, 25 қазан 2018 жыл.
Кәсіпкер Рашида Әлімжанқызы (сол жақта) сенімгерлікпен басқаруға алған балабақшасы жайлы айтып тұр.Ақтөбе, 25 қазан 2018 жыл.

Ақтөбеде қазанның 25-і күні кәсіпкерлер қарауына өткен балабақшалардың құрылтайшылары мен меңгерушілері баспасөз мәслихатын өткізді. 2017 жылы сенімгерлікпен басқаруға берілген "Әйгерім" балабақшасының меңгерушісі Светлана Ербатырованың айтуынша, ұжым мемлекет қарамағында болған кезде 70-80 пайыз қаржы тапшылығын көрген. Қаржы жетіспеушілігінен жылдар бойы жылу жүйесін жөндей алмаған, жиhаздары да жаңартылмаған.

- Кәсіпкердің қарауына өткелі бері жағдайымыз жақсарды. Қазір "Әйгерімде" мемлекеттік тапсырыс бойынша 168 бала тәрбиеленіп жатыр. Жуырда ақылы топтар ашпақ ойымыз бар, - деді Светлана Ербатырова.

Биыл шілде айында "Бұлбұл" балабақшасын сенімгерлікпен басқаруға алған кәсіпкер Рашида Әлімжанқызының айтуынша, ол жылдар бойы жөндеу көрмеген ескі балабақшаны қалпына келтіру үшін 30 миллион теңге қаржысын жұмсаған.

- Төбесінен су ағып тұрған топтар болды. Басқасын айтпағанда, балалар ойнайтын күркенің шатыры да жоқ болатын, - дейді кәсіпкер.

Азаттық тілшісі Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінен мемлекеттік балабақшалардағы қаржы жетіспеушілігі туралы ақпарат ала алмады. Белгілісі, Ақтөбе қаласында бюджет қаржыландырып отырған 46 балабақша бар.

Бюджет жүктемесін жеңілдету үшін мемлекеттік балабақшалардың кәсіпкерлерге беріле бастағаны туралы хабар ақтөбеліктердің наразылығын туғызған. Балабақшаға баратын сәбилері бар ата-аналар 22 қазаннан бері білім саласына жауапты мекемелер мен әкімдіктерге барып, өз наразылықтарын білдіре бастады. Ата-аналар "Балабақшалар жекенің қолына өтер болса, мемлекеттік органдар тарапынан бақылау азаяды. Кәсіпкер білікті мамандарды қысқартып, балалардың тамағы мен керек-жарағынан қаржы үнемдей бастайды" деп алаңдайды.

Бүгінгі баспасөз мәслихатында Қазақстандағы мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығы Ақтөбе филиалының төрайымы Наталья Каюдина "елді дүрліктіріп, жалған ақпарат таратып жүрген ата-аналардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын" ескертті. Наталья Каюдинаның сөзіне қарағанда, қазір Ақтөбеде мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп отырған 80 балабақша бар. Жекенің қарауындағы бұл балабақшаларды мемлекеттік органдар жылына екі мәрте тексеріп тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG