Accessibility links

Ердоған: Эр-Рияд Хашоггидің мәйіті қайда екенін айтсын


Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сауд Арабиясынан қастандықтан өлген оппозициялық журналист Жамал Хашоггидің денесі қайда екенін жариялауды талап етті.

26 қазан күні парламентте сөйлеген Ердоған Эр-Рияд Сауд Арабиясының агенттері қазанның 2-сі күні Жамал Хашоггиді Стамбулдағы консулдықта өлтіргеннен кейін оның мәйітін алып кеткен, қылмысқа қатысы бар "жергілікті сыбайластың" кім екенін жария етуі керек деп мәлімдеді. Ердоғанның айтуынша, Түркияда Хашоггидің Сауд Арабиясының консулдығында өлтірілгеніне қатысты басқа да "ақпарат пен айғақтар бар".

Түркия президенті Сауд Арабиясының прокуроры 28 қазан күні Стамбулда қала прокурорымен кездесетінін айтты. Сауд Арабиясының прокуроры 25 қазанда Хашоггиді консулдықта өлтірудің алдын ала жоспарланғанын айтып, Эр-Риядтың "журналист арнайы қызметтің рұқсатсыз жүргізген операциясы барысында қаза тапты" деген бұған дейінгі мәлімдемесін жоққа шығарған.

Жамал Хашоггидің үлкен ұлы Салах бин Жамал Хашогги Сауд Арабиясы оның елден шығуына салынған тыйымды жойған соң АҚШ-қа кетіп қалғаны хабарланды. Хашоггидің отбасына жақын дереккөзінің CNN-ге хабарлауынша, ол АҚШ-қа 25 қазан күні барды.

Эр-Рияд бірнеше ай бұрын Сауд Арабиясы мен АҚШ азаматтығын бірдей алған Салах бин Жамал Хашоггидің елден шығуына тыйым салған еді.

Осы аптаның басында Салах бин Жамал Хашоггидің Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен қол алысып тұрған суреті жарияланған. Корольдіктің іс жүзіндегі басшысы саналатын Мұхаммед бин Салман журналист Жамал Хашоггидің 2 қазан күні Стамбулдағы консулдықта қаза тапқанын мойындаған.

Бірқатар сыншылар Мұхаммех бин Салман Хашоггиді корольдіктің құпия агенттері өлтіргенін білген, тіпті журналисті өлтіруге оның өзі тапсырыс берген болуы мүмкін деп күдіктенген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG