Accessibility links

Тәжікстанда ірі жол апатынан 4 адам көз жұмды


Рогун су электр станциясының құрылысы
Рогун су электр станциясының құрылысы

Тәжікстанның Рогун елді мекені маңында болған жол апатынан төрт адам қаза тауып, 6 адам жарақаттанған. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, оқиға 26 қазанда болған.

“Әуелі су электр станциясына жұмысшылар тобын апара жатқан көлік жол апатына ұшырады. Екі азамат сол жерде көз жұмды, тағы біреуі ауруханада қайтыс болды. Ал екінші оқиға кезінде КамАЗ көлігі өзенге құлап, жүргізуші қайтыс болды” деді Азаттықтың Тәжік қызметінің дереккөзі.

Апат болған аймаққа ұлттық медициналық орталықтан екі дәрігер тобы жіберілген. Жарақаттанғандар арасында бір әйел болған.

Тәжікстанның ішкі істер министрлігі мен төтенше жағдай және азаматтық қорғаныс министрлігі апатқа қатысты қандай да бір комментарий бермеген. Рогун су электр станциясы әкімшілігінің аты-жөнін айтпаған өкілі жол апатының құрылыс алаңында емес, Душанбе-Рогун трассасында болғанын хабарлаған.

Рогун су электр станциясын салу жұмыстары жалғасып жатыр. Биліктің хабарлауынша, бірінші агрегат 16 қарашадан бастап жұмыс істей бастайды. Дәл осы күні елде Тәжікстан президенті күні аталып өтеді.

Жалпы Рогун су электр станциясына алты гидроагрегат орнатылады. Олардың әрқайсысы 600 мегаватт қуат өндіреді деп жоспарланып отыр. Қазіргі кезде су электр станциясында жерүсті бөгенінің құрылысы да жүріп жатыр.

Душанбенің шығысынан 90 шақырым жерде орналасқан 3600 мегаваттық Рогун су электр станциясының құрылысы совет заманында өткен ғасырдың 70-жылдары басталған. Бірақ одақ құлаған соң жұмыстары тоқтап қалған.

Тек 2004 жылы станцияны аяғына дейін салу туралы шешім қабылданды. Оның құрылысына 3,9 миллиард АҚШ доллары жұмсалады деп айтылды. Станцияның екінші гидроагрегаты 2019 жылы сәуір айында дайын болуы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG