Accessibility links

Бразилияда президент сайлауында оңшыл саясаткер жеңді


Бразилиядағы президент сайлауында жеңіске жетті деп жарияланған әсіре оңшыл саясаткер Жаир Болсонару жақтастарына қол бұлғап тұр. Рио-де Жанейро, 28 қазан 2018 жыл.
Бразилиядағы президент сайлауында жеңіске жетті деп жарияланған әсіре оңшыл саясаткер Жаир Болсонару жақтастарына қол бұлғап тұр. Рио-де Жанейро, 28 қазан 2018 жыл.

Бразилиядағы президент сайлауының екінші кезеңінде әсіре оңшыл конгрессмен Жаир Болсонару жеңіске жетті. Бразилия сайлау комиссиясының хабарлауынша, 28 қазанда өткен сайлаудың екінші кезеңінде берілген дауыстың түгелге жуығын санағандағы нәтиже бойынша, Болсонару 55,5 пайыз дауыс жинады. Оның қарсыласы, солшыл "Жұмысшылар партиясының" үміткері Фернандо Аддад 44,4 пайыз дауыс алды.

Бразилияда 147 миллион сайлаушы тіркелген. Елде дауыс беру міндетті саналады.

Сайлауда өзінің жеңіске жеткені жарияланған соң Болсонару "Біз Бразилияның тағдырын бірге өзгертеміз" деп мәлімдеп, "Інжіл мен конституцияны басшылыққа алуға" уәде берді.

"Біз бұдан былай солшылдардың біресе социализміне, біресе коммунизміне, популизміне я болмаса экстремизміне жалбақтап, жарамсақтанып өмір сүре алмаймыз" деді Болсонару.


Соңғы күндері бірқатар қоғам қайраткері Социал-либералдық партиясының үміткері Жаир Болсонару билікке келсе демократияға қауіп төнуі мүмкін екенін ескертіп, сайлаушыларды Фернандо Аддадқа дауыс беруге шақырған.

63 жастағы Жаир Болсонару - бұрынғы армия капитаны. Ол миграцияны күрт азайтуды, қаруды еркін алып жүруді, экономикалық өсімге дем беру үшін салық пен әлеуметтік бағдарламаларды қысқартуды қолдайды. Қарсыластары оның "дәстүрлі құндылықтарды қорғау" туралы мәлімдемелерінде әйелге деген жеккөрініштілік пен гомофобия элементтері барын айтады. Болсонару өзі армия қатарында қызмет еткен әскери диктатура дәуірі туралы бірнеше рет оң пікір білдірген. Ол президент болып сайланса өлім жазасын қалпына келтіріп, сыбайлас жемқорлықты жоюға, АҚШ-пен қарым-қатынасты дұрыстауға уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG