Accessibility links

СІМ: Индонезияда құлаған ұшақта қазақстандықтар жоқ


Boeing 737 Max ұшағы (Көрнекі сурет).
Boeing 737 Max ұшағы (Көрнекі сурет).

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) ресми өкілі Айбек Смадияров "Индонезия төтенше жағдайлар министрлігінің алдын-ала мәліметі бойынша осы ел аумағында құлаған жолаушылар ұшағында Қазақстан азаматтары жоғын" хабарлады. "Консул байланыста отыр. Қосымша ақпарат болса хабарлаймыз" деді Смадияров Азаттыққа.

Қазанның 29-ы күні Индонезияда таң ата Lion Air компаниясының ел астанасы Джакартадан Панкалпинанг қаласына ұшып шыққан Boeing 737 Max ұшағы апатқа ұшыраған. Индонезия ұлттық іздеу және құтқару агенттігінің хабарлауынша, ұшақ Суматра және Батыс Ява аралдарының арасындағы Ява теңізіне құлаған. Әрқилы мәлімет бойынша, ұшақта экипаж мүшелерін қосқанда 188 немесе 189 адам болған. Ұшақтағылардың өлі, я тірі екені әзірге белгісіз.

Ұшақ Джакартадан ұшып шыққаннан бірнеше минут өткен соң әуежайға қайта оралуды сұрап белгі берген, осыдан кейін ұшақпен байланыс үзілген.

Модификацияланған Boeing 737 Max ұшақтары 2017 жылы пайдаланыла бастаған. Бұған дейін Boeing-тің мұндай модельдері апатқа ұшыраған емес.

Boeing компаниясы ұшақ апатынан хабардар екенін және жағдайды "жіті бақылап отырғанын" мәлімдеді.

Lion Air Group компаниясының атқарушы директоры Эдуард Сираи компания апатқа қатысты барлық ақпарат пен деректі жинастырып жатқанын ғана айтып, әзірге комментарий бере алмайтынын хабарлады.

Индонезияда соңғы жылдары бірнеше рет ұшақ құлап, адам шығыны болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG