Accessibility links

Мәскеу: АҚШ Армения мен Ресей арасына сызат түсіргісі келеді


АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон (сол жақта) Армения премьер-министрі Джон Болтонмен қол алысып тұр. Ереван, 25 қазан 2018 жыл.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон (сол жақта) Армения премьер-министрі Джон Болтонмен қол алысып тұр. Ереван, 25 қазан 2018 жыл.

Ресей АҚШ-ты "Мәскеу мен Ереван арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруге талпынып отыр" деп айыптады.

Ресей Сыртқы істер министрлігі 29 қазан күні АҚШ прездиентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтонның өткен аптада Ереванға барған кезінде айтқан сөзін Кремль "Арменияны ежелгі одақтасымен байланысын үзуге астыртын түрде шақыру" деп санайтынын мәлімдеді.

"Болтон Армениядан халықаралық қатынастарда дәстүрлі моделінен бас тартуды ашық талап етті және оның бұл сөзі Арменияның Ресеймен достығын меңзеп тұрғаны күмән тудырмайды. Әрине, ол Арменияның Ресей қаруының орнына америкалық қару-жарақты сатып алуы тиіс екенін айтуды ұмытқан жоқ" делінген СІМ мәлімдемесінде.

Армения Мәскеумен ұзақ уақыттан бері жақын қарым-қатынас орнатқан. Бірақ биыл жаппай халық толқуының нәтижесінде Мәскеу қолдайтын премьер-министр Серж Саргсян қызметінен кетіп, орнына Никол Пашинян сайланған соң екі ел арасындағы байланысқа қатысты алаңдаушылық туындай бастаған.

Джон Болтон 25 қазан күні Ереванға сапарында Арменияға америкалық қару-жарақ сату ықтималдығын талқылағанын айтқан.

Болтон сапары кезінде Азаттыққа берген сұхбатында Армения үшін АҚШ-тан қару-жарақ сатып алу "ең оңтайлы" шешім екенін айтқан.

Джон Болтон сонымен қатар сұхбатында Армения тұрақты демократиялық елге айналу үшін "шетел ықпалына бағынбайтын, мүлдем дербес саясат жүргізу керегін" мәлімдеген.

Ресей Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде Болтонның "әр сөзінің мәнін жете ойналып алғаны жөн болатынын" ескертеді.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян 27 қазанда журналистердің "Ереван АҚШ-тан қару-жарақ сатып алайын деп жатыр ма?" деген сұрағына "Армения үкіметі ештеңеден тартынбайды. АҚШ ұсыныс жасаған болса, ол бізге жақсы, біз оны талқылаймыз" деп жауап берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG