Accessibility links

Өзбекстанда "егістікті суғару" дауынан соң вице-премьерді қызметінен алды


Әлеуметтік желіде жарияланған Ташкент облысы Аққорған ауданындағы егіс алқабының суғарылмағаны үшін жазаланып тұрған фермерлердің суреті.

Өзбекстан премьер-министрінің ауыл және су шаруашылығы жөніндегі орынбасары Зойир Мирзаев Ташкент облысы Аққорған ауданындағы жанжалдан кейін қызметінен алынды.

27 қазанда алты ер адамның мақта алқабында арықтағы суда тұрған суреті әлеуметтік желіде тарап кеткен еді. Суретте ер адамдардың тізеден келетін суда үрейден бастарын төмен қаратып тұрғанын көруге болады. Олар егіс алқабы суғарылмағандықтан премьер-министрдің орынбасары және жергілікті шенеуніктің көзінше осылай жазаланған.

Бұл сурет көпшіліктің ашу-ызасын туғызғандықтан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 29 қазанда вице-премьер Зойир Мирзаевты қызметінен алды. Сол күні президент жауапты басшылардың қызметін асыра пайдалануға болмайтыны және мәжбүрлі еңбекке жол берілмейтіні жөнінде жарлыққа қол қойды.

Арықта суда тұрған алты адамның үшеуі Аққорған ауданы әкімдігінің қызметкері болып шыққан. Біреуі – махалла ақсақалы, екеуі – жергілікті фермер.

Сол жиында болған куәгерлердің бірі алты азаматты "40-45 минут бойы салқын суға тұрғызып қойып, сосын ылғал киімдерімен далада жүгірткенін" айтады.

29 қазанда Өзбекстан Бас прокуратурасы бұл оқиғаға қатысты кінәлілер қандай қызмет атқаратынына қарамастан жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG