Accessibility links

Дамирбек Асылбекуулуның сотына Қырғызстан депутаттары келеді


Дамирбек Асылбекуулу.

Қырғызстан парламентіндегі "Кыргызстан" фракциясы Алматыда қырғызстандық экс-депутат Дамирбек Асылбекуулуның ісі бойынша сот процесін бақылауға өкілдерін жібереді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне парламент депутаты Нурбек Алимбеков хабарлады.

Дамирбек Асылбекуулу 2018 жылы 15-16 ақпан күндері сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысында өткен арнайы операция барысында ұсталған. Арнайы операцияда ұсталған 35 адамның арасында кеден органдары, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер болған. Ұсталғандардың үшеуі – Қырғызстан азаматы.

Дамирбек Асылбекуулуна қатысты алдын ала сот тыңдауы 19 қазанда басталған. Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өкілі Азаттыққа негізгі сот тыңдауы 2 қараша күнгі сағат 10-ға белгіленгенін айтты. Сот процесі ашық өтеді.

"Қазақстан жағы оның "Қазақстан азаматтығын алуына байланысты көп нәрсені айта алмаймыз" деп отыр. Сотқа өкілдеріміз қатысады. Осыдан кейін ғана ақпарат береміз" деді депутат Нурбек Алимбеков.

Бұл іс бойынша Асылбекуулынан өзге 11 адам сотқа тартылған.

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты 17 ақпанда Қырғызстан азаматтарын екі айға қамау туралы шешім шығарып, кейін қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Тергеу ұсталғандарды “шекарадан контрабандалық тауар өткізбек болды" және “трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты” деп күдіктенеді.

16 сәуірде Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы “өзге ел азаматтығын алған болуы мүмкін” деген себеппен Асылбекуулун депутаттық мандаттан айырған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұсталған Қырғызстан депутаты кім еді?

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Асылбекуулуның қазақстандық паспорты барын айтқан. Асылбекуулуның туыстары бұл мәліметті жоққа шығарып, қамауды біреулердің бұрынғы депутатпен "есеп айырысуы" деп бағалаған.

Жамбыл облыстық прокуратурасы бұған дейін Азаттыққа Дамирбек Асылбекуулуның қайда екенін жариялаудан бас тартқан. Облыстық прокуратура Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сүйеніп, бұл қылмыстық іс "қоғамдық пікір тудыруы мүмкін болғандықтан" сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейтінін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG