Accessibility links

Түркия: Хашоггиді өлтірген соң мәйітін жойып жіберген


Стамбулда Жамал Хашоггидің портретін ұстап тұрған демонстрант. Түркия, 5 қазан 2018 жыл.
Стамбулда Жамал Хашоггидің портретін ұстап тұрған демонстрант. Түркия, 5 қазан 2018 жыл.

Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығында журналист Жамал Хашоггиді тұншықтырып өлтіріп, сосын денесін бөлшектеп жойып жіберген. CNN-нің хабарлауынша, бұл туралы Түркия Бас прокуратурасы мәлімдеді. Прокуратура қаскүнемдер журналисті алдын ала ойластырылған жоспар бойынша өлтірген деп біледі.

Бір апта бұрын Түркия полициясы журналистің мәйіті консулдық аумағындағы құдықта жасырылған болуы мүмкін деп күдіктеніп, оны көрсетуді талап еткен. Бұдан бұрын БАҚ Сауд Арабиясы бас консулының бақшасында Хашоггидің денесінің бөлшектері табылғанын хабарлаған еді. Бірақ журналист денесінің табылғаны туралы ресми мәлімдеме жасалмаған.

Ұлыбритания БАҚ-ының мәліметінше, британ барлауы Сауд Арабиясы билігінің оппозициялық журналист Жамал Хашоггиді ұрлау жоспарын алдын-ала білген, алайда, Эр-Риядты қастандық жасамауға көндіре алмаған.

Жамал Хашогги 2 қазанда Стамбулда Сауд Арабиясының консулдығына құжаттарын рәсімдеу үшін кіріп, қайта шықпаған. Арада екі апта өткенде Эр-Рияд Жамал Хашогги арнайы қызметтің "рұқсат берілмеген операциясы барысында" қаза тапқанын мәлімдеген еді. Кейін Сауд Арабиясының прокуроры журналистің қасақана өлтірілгенін мойындаған.

Сауд Арабиясы билігі бұл іске қатысы бар деп 18 адамды тұтқындады және Хашоггидің туыстарына көңіл айтты. Тақ мұрагерінің жоғары шенді бес кеңесшісі қызметтерінен босатылды.

АҚШ пен Еуропа елдері Сауд Арабиясы билігінің Хашоггидің өліміне қатысты мәлімдемелеріне сенбейді және журналисті өлтіруге тапсырыс бергендердің король әулетімен байланысы бар болуы мүмкін деп күдіктенеді.

АҚШ Хашоггидің өліміне байланысты "Магнитский заңы" аясында Сауд Арабиясына қарсы санкция салуды қарастырып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG