Accessibility links

Өртенген автобус ісі бойынша сотталушылар айыбын мойындамады


Мақсат Пернебеков, Ақтөбедегі автобус өрті ісі бойынша айыпталған автобус жүргізушісі. Ақтөбе, 1 қараша 2018 жыл.
Мақсат Пернебеков, Ақтөбедегі автобус өрті ісі бойынша айыпталған автобус жүргізушісі. Ақтөбе, 1 қараша 2018 жыл.

Ақтөбеде өртенген автобус ісі бойынша сотталушылар сот алдында соңғы сөздерін айтты. Өзбекстанның 52 азаматы тірідей жанып кеткен өртке қатысты істі болған бес адам 1 қараша күнгі сотта өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

Өртенген автобус жүргізушілері Мақсат Пернебеков пен Нұржан Қырғызбаев бүгін соттан өздерін ақтауды сұрады. Ал тергеу "автобустың үшінші жүргізушісі" деп айыптап отырған Барат Таңатов соңғы сөзінде өзінің өртенген автобустың жүргізушісі емес, жолаушысы болғанын қайталады. Айтуынша, жол жиегінде тоқтап тұрған автобус өртене бастағанда Барат Таңатов өтіп бара жатқандардан көмек сұрап, тыста жүрген.

Іс материалдарына қарағанда, "Азия транзит сервис" компаниясы автобус иесі Михтеевпен көлікті жалға алу және оған техникалық қызмет көрсету туралы екі келісімшарт жасасқан. Осыған орай, тергеу фирма құрылтайшысы Нұрлыбек Тілепбаевты "заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады" деп айыптаған. Бүгін соңғы сөзінде Тілепбаев автобустың "техникалық тұрғыдан жарамды болғанын" айтып, өзіне тағылған айыппен келіспеді.

- Айыптаушы тарап міндетті техникалық байқау мен механиктің кәсіби функцияларының аражігін ажырата алмаған. Осыдан кейін механик Пердебаевқа орынсыз айып тағып отыр. Ол сапарға шығарып салған автобустың техникалық жағдайы жақсы болған. Демек, ол өрттің шығуына кінәлі емес. 52 адамның өліміне әкеп соқтырған өрт салонда қауіпсіздіктің сақталмауынан болды, – деді адвокат Егемқұл Жүнісов. Ол соттан өзі қорғайтын "Азия транзит сервис" компаниясы өкілдерін ақтауды сұрады.

Тергеу материалдарына қарағанда, толық жанып кеткендіктен автобустың техникалық жарамдылығын тексеру мүмкін болмаған. Мемлекеттік айыптаушы Осман Орынбасарұлы оқиға орнын тексерген кезде өртенген салоннан автобус терезесін сындыратын балға мен өрт сөндіретін құрылғы қалдықтарының табылмағанын айтады. "Біз оқиға орнын жіті тексеріп, қалдықтардың бәрін електен өткіздік. Дәнекерлеуші лампадан өзге ештеңе таппадық" дейді прокурор Осман Орынбасарұлы.

Ал адвокат Жүнісов прокурордың сөзіне күмәнмен қарап отыр. Адвокат криминалистердің "мәйіттерді жинаумен ғана айналысқанына" сенімді.

- Оқиға болған күні ең алдымен мәйіттер мен олардың фрагменттері жиналып, қапқа салынған. Тергеушілер автобус салонының екінші күні зерттелгенін айтады. Бірақ екінші күні оқиға орнынан түсірілген видео ұшты-күйлі жоқ. Ал оқиғаның көзі тірі куәгерлері - үш жүргізуші салонда бірнеше балға мен өрт сөндіретін құрылғының болғанын айтып отыр. Оған ешкім құлақ аспады. Оқиға орны жіті тексерілгенде "балғаның пластиктен жасалған сабы балқып кетті" деген күннің өзінде металлдан жасалған басы табылған болар еді" деді сот залына автобус салондарында болатын балғаны үлгі ретінде ала келген адвокат Жүнісов.

Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықта Шымкент - Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG