Accessibility links

Әсет Әбішевтің ісін басқа судья қарайды


Азаматтық белсенді Әсет Әбішевтің (ортасында) соты. Алматы, 25 қазан 2018 жыл
Азаматтық белсенді Әсет Әбішевтің (ортасында) соты. Алматы, 25 қазан 2018 жыл

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысты деп айыпталған Әсет Әбішевтің сотында судья ауысты. Бұрын істі судья Болатбек Зағиев қарап келген болса, оны қазір судья Ернар Қасымбеков алмастырды. Бұл ақпаратты Әбішевтің адвокаты Гүлнара Жуаспаева Facebook-тағы парақшасында хабарлады. Адвокаттың айтуынша, оған судья Қасымбековтың хатшысынан СМС-хат келген. Онда 8 қарашада судья Қасымбековтың төрағалық етуімен Әсет Әбішевтің сот отырысы өтетіні жазылған.

Бұған дейін Гүлнара Жуаспаева Facebook-та судья Болатбек Зағиевтың хатшысына сілтеме жасай отырып, судьяның “қызметінен кеткенін” хабарлаған. Бұл ақпаратты сол кезде Азаттық тілшісіне судья Болатбек Зағиевтың өзі де растаған. Ол өзінің қазір зейнеткер екенін, алайда шұғыл жағдайларда, мысалы “судьялардың бірі ауырып қалса”, сондай кезде сот процестеріне қатысатынын айтқан. Ол қызметтен кетуінің себебін денсаулық жағдайымен де байланыстырған. Бірақ ол кезде оның орнына қай судья келетіні белгісіз болған.

25 қазанда болған сот отырысында айыптау тарабының екі куәгері сотқа келмей, отырыс болмай қалған. Дәл осы екі куәгердің жауаптары негізінде Әбішевке айыптар тағылып отыр. Бұған дейін судья Зағиев куәгерлерді отырысқа қажет болса күштеп әкелу жөнінде арнайы қаулы қабылдаған. Прокурор Алтынай Боранбаева куәгерлерді тұрақты мекенжайынан таба алмағанын айтқан.

41 жастағы азаматтық белсенді Әсет Әбішевтің ісі бойынша негізгі сот процесі 2 қазанда Алмалы аудандық сотында басталған. Прокурор Алтынай Боранбаева оқыған айыптау актісі бойынша, Әбішев Қылмыстық кодекстің 405-бабы (тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу) және 266-бабымен (қылмыстық топ әрекетін қаржыландыру) айыпталып отыр. Әбішев өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Астана соты биыл 13 наурызда шетелде тұратын Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік ұйым дап танып, қызметіне тыйым салған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG