Accessibility links

Лукашенко: Беларуське Ресей әскери базасы керек емес


Александр Лукашенко, Беларусь президенті.
Александр Лукашенко, Беларусь президенті.

Беларусь президенті Александр Лукашенко ел аумағында Ресей әскери базасын құрудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Беларусьтің өз-өзін қорғауға шамасы жетеді. БЕЛТА агенттігінің хабарлауынша, Лукашенко бұл жайында америкалық сарапшылармен кездесуінде айтты.

Лукашенко Беларусь аумағында Ресей әскери-әуе базасын құруға үзілді-кесілді қарсы екенін айтты. "Қажет болса, кез келген ұшақ Ресей аумағынан 3-5 минутта-ақ ұшып келе алады. Ондай болса, бұл жерде базаның қажеті қанша?" деді Беларусь президенті.

Қазір Беларусь аумағында Ресейдің екі әскери базасы бар. Олар - зымыран шабуылын алдын ала ескертетін жүйе құрамындағы "Волга" радиолокациялық станциясы және Ресей әскери-теңіз флотының 43-байланыс торабы.

Бұған дейін БАҚ Беларусьте Ресей әуе базасы құрылуы мүмкін екенін туралы бірнеше рет хабарлаған. Кейін екі жақ бұл мәселе бойынша келіссөз жүргізіліп жатқанын мәлімдеген.

Биыл мамырда Польша АҚШ-қа ел аумағында бронды танк дивизиясын орналастыруды ұсынып, бұған екі миллиард долларға дейін қаржы бөлуге даяр екенін мәлімдеген. 4 қарашада Лукашенко Польша билігіне бұл ұсынысы мен ниетінен бас тартуға кеңес берген. Оның сөзінше, Польша бұл ойынан бас тартпаса, Мәскеу мен Минск жауап қайтаруға мәжбүр болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG