Ауғанстан шенеуніктері Кабулда үкіметтің елде қауіпсіздікті сақтай алмай отырғанына наразылық шеруі өтіп жатқан аумаққа жақын жерде жанкешті жарылыс жасағанын хабарлады.
Қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздің Азаттыққа айтуынша, 12 қараша күні жанкешті бомба орнатылған белдемшесін демонстранттар тұрған жерге жетпей жатып жарып жіберген. Жарылыстан қаза тапқандар я зардап шеккендер туралы әзірге мәлімет жоқ.
Жүздеген адам 12 қарашаға қараған түннен бастап Кабулдың батысынан орталығындағы президент резиденциясы орналасқан орталығына дейін шерулетіп жүріп келді. Олар орталық үкіметтің негізінен этникалық хазарлар тұратын Газни және Орузган уәлаяттарында қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмай отырғанына наразы.
Бұл екі уәлаяттағы бірнеше ауданға соңғы бір аптаға жуық уақыт "Талибан" содырлары шабуылдаған.
Шабуылдардан барлығы қанша адам құрбан болғаны әзірге белгісіз. Бірақ шенеуніктер 11 қарашада Газни уәлаятында содырлардың 15 бейбіт тұрғынды және қауіпсіздік күштері арнайы жасағының 10 сарбазын өлтіргенін хабарлаған.
Фарах уәлаяты билігі өкілдерінің хабарлауынша, 11 қараша күні кешке уәлаятта "Талибан" жасақтарының тексеру және өткізу бекеттеріне жасаған шабуылынан ауған қауіпсіздік күштерінің кем дегенде 37 сарбазы оққа ұшты. Шабуылдан соң екі жақ арасында бірнеше сағат бойы атыс болды.
ПІКІРЛЕР