Accessibility links

Чехияда мыңдаған адам премьердің отставкаға кетуін талап етті


Андрей Бабиш, Чехия премьер-министрі.
Андрей Бабиш, Чехия премьер-министрі.

Прагада 15 қараша күні Чехия премьер-министрі Андрей Бабиштің отставкаға кетуін талап еткен наразылық акциясы өтті. Азаттықтың Орыс қызметі тілшісінің хабарлауынша, митингіге бірнеше мың адам қатысты. Демонстранттар премьер-министрді жалған сөйледі және қаржыны теріс мақсатта пайдаланды деп айыптады.

Митинг БАҚ-та Андрей Бабиштің ұлы - кіші Андрей Бабиш Еуропа Одағынан дотация алуда қаржыны теріс мақсатта пайдаланғанына қатысты іс бойынша тергеуден жалтарып отыр деген ақпарат жарияланған соң өтті. 13 қарашада чехиялық SeznamZpravy сайты Андрей Бабиштің ұлынан сұхбат алған. Сұхбатта кіші Бабиш өзін Ресей визасымен Мәскеуден күштеп Қырымға апарғанын айтқан. Андрей Бабиш болса журналистерге ұлының Қырымға заңды түрде барғанын, ешкім ұрлап апармағанын мәлімдеген. Ол ұлының жүйкесі ауыратынын айтып, одан сұхбат алған журналисті сынаған. Премьер-министр БАҚ-тағы сұхбат өзінің беделін түсіріп, отставкаға кетіру мақсатымен ұйымдастырылғанын айтқан.

Мәскеу де кіші Андрей Бабиштің Қырымға күшпен апарылғаны туралы ақпаратты "арандату" деп атаған. "Әлдебір ішкі саяси мақсатта ойдан шығарылған ақпараттық арандатуға қатты ұқсайды" деп мәлімдеген Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова.

36 жастағы кіші Андрей Бабиштің Еуропа Одағының дотациясымен салынған Čapí hnízdo ("Дегелек ұясы") ірі демалыс кешенінде үлесі бар. Премьердің ұлы Еуропа Одағының қорынан қаржы алуда алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Алайда, ол жүйке жүйесі ауыратындықтан тергеуге қатыспайды.

Кіші Андрей Бабиш 15 қарашада чехиялық журналистерге жазған хатында әкесін жалған сөйледі деп айыптап, Қырымға өз еркінен тыс барғанын, ал кесіне жақын адамдардың өзін қорқытқанын тағы да растады. Ол Қырымға барған кезінде өзіне "қамқорлық танытқан" ресейлік Петр Протопоповты айыптады. Протопопов премьердің ұлына "бауыры ретінде" қамқорлық танытқанын мәлімдеген.

Чехия сенаты Андрей Бабишті отставкаға кетуге шақырды. Парламент жұма күні үкіметке сенім білдіру мәселесін қарайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG