Accessibility links

Тәжікстанда бүлік болған түрме басшысы ұсталды


Тәжікстанның Худжанд қаласындағы түрме (Көрнекі сурет).

Тәжікстанның Худжанд қаласындағы №3/3 түрменің басшысы қызметінен босатылып, қамауға алынды. Түрмеде 8 қараша күні түнде болған бүліктен ресми емес мәліметтер бойынша, шамамен 50 адам қаза тапқан.

Дереккөзінің Азаттықтың Тәжік қызметіне айтуынша, колония басшысы Файзулло Сафарзод түрмедегі бүлікке қатысы қозғалған екі қылмыстық іс аясында қамауға алынған. Ол Бас прокуратура тергеушілері тергеуді аяқтағанша абақтыда болады. Файзулло Сафарзод қызметін асыра пайдалып, салақтық танытты деген күдікке ілінуі мүмкін.

Соғды облысының прокуратурасы колониядағы төтенше жағдайға байланысты "кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бірақ құзырлы орган істе кімдердің күдікті екенін жарияламады.

Худжандтағы қатаң тәртіптегі түрмеде 8 қарашаға қараған түні бүлік болған. Содырлардың Amaq ақпараттық сайты бүлікті "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының жазасын өтеп жатқан тұтқындары ұйымдастырғанын хабарлаған. Бұл ақпаратты Азаттықтың Тәжік қызметіне Тәжікстан құқық қорғау органдарындағы дереккөз де растаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG