Accessibility links

Сот Ақ үйді журналиске аккредитациясын қайтаруды міндеттеді


АҚШ президенті Дональд Трамптың (оң жақта) баспасөз мәслихаты кезінде CNN телеарнасы тілшісі Джим Акостадан (ортада) президенттің көмекшісі микрофонды алғалы тұр. Вашингтон, 7 қараша 2018 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамптың (оң жақта) баспасөз мәслихаты кезінде CNN телеарнасы тілшісі Джим Акостадан (ортада) президенттің көмекшісі микрофонды алғалы тұр. Вашингтон, 7 қараша 2018 жыл.

Вашингтон қаласының округтік судьясы Тимоти Келли Ақ үй әкімшілігіне CNN телеарнасы тілшісі Джим Акостаға аккредитациясын қайтарып беруді міндеттеді. Ақ үйдің баспасөз қызметі Акостаның аккредитациясын қарашаның 8-і күні алып қойған. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс сот шешімі орындалады, бірақ ол "уақытша" деп мәлімдеген. АҚШ әкімшілігінің баспасөз қызметі Ақ үйде журналистердің жұмыс істеу тәртібі туралы ережені жетілдірмек.

Журналист Джим Акостаны АҚШ президенті Дональд Трампқа баспасөз мәслихаты кезінде бірнеше сұрақ қойғаннан кейін аккредитациясынан айырған болатын.

АҚШ шекарасына мигранттар "керуені" тақап қалғаны сауал қоюдан бастаған Акоста Трамптан Ресейдің АҚШ президенті сайлауына ықтимал килігуіне қатысты арнайы прокурор Роберт Мюллер жүргізіп жатқан тергеу жалғаса ма деп сұраған.

Трампқа тілшінің сұрақтары жақпай қалған. "Мен елді басқарайын, ал сіз CNN-мен айналысыңыз" деп мәлімдеген президент көмекшісіне журналистен микрофонды алуды тапсырған. Көмекші қарсылық танытқан журналистен микрофонды қайтарып алған.

Ақ үй Аккостаны аккредитациядан айырудың себебін ол өзінен микрофонды алмақшы болған әйел адамды итеріп немесе жолын бөгеп, "қол жұмсады" деп түсіндірген.

"CNN сіздей адам жұмыс істейтіні үшін ұялуы тиіс. Сіз дөрекі әрі сұмдық адамсыз. Сіз CNN-де жұмыс істемеуіңіз керек", – деп мәлімдеген Трамп көмекшісі микрофонды алып қойғаннан кейін Акостаға.

Ақ үй өзін аккредитациядан айырғаны туралы Джим Акоста келесі күні күзет қызметі оны ғимаратқа кіргізбей қойған кезде бір-ақ білген.

Судья Тимоти Келлидің (оны бұл қызметке Трамптың өзі тағайындаған) шешіміне сәйкес, Акостаның аккредитациясы "дереу" қалпына келтіріліп, журналистің Ақ үйге брифингтер мен өзге де шараларға қатысуына тыйым салынбауы тиіс. Сонымен бірге аккредитациядан айыру тілшіге "орны толмас залал" келтірді деп шешкен судья Ақ үй өкілінің CNN тапсырмаға кез келген басқа тілшіге жібере алар еді деген уәжін назарға алмаған.

Журналист Джим Акоста жұмыс істейтін CNN телеарнасы тілшісінің аккредитациясын алып қойғаны үшін Ақ үй әкімшілігін сотқа берген, бірақ сот оны әлі қараған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG