Accessibility links

Үйін су басқан тұрғындарға өтемақы төленетін болды


Анастасия Цуприкова. Қарағанды облысы, 5 қараша 2018 жыл.
Анастасия Цуприкова. Қарағанды облысы, 5 қараша 2018 жыл.

Қарағанды облысы Теміртау қаласының маңындағы Аққұдық ауылында тұратын отбасы ескі су құбырынан аққан судан бүлінген үйлері үшін өтемақы алатын болды.

Сот отырысында Анастасия Цуприкованың отбасы мен су құбырына иелік ететін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы істі "бітімге келгеніне байланысты" тоқтату туралы өтініш білдірді. Істе баспанасыз қалған кәмелетке толмаған балалардың мүддесі де бар болғандықтан сотқа үшінші тарап ретінде Теміртау қалалық білім бөлімінің өкілі тартылды.

- Судья бейбіт келісімді бекітті. Яғни, шағымданушылар ақша емес, үй алады. Шағымданушылар жалпы құны төрт милилон теңгеге дейін жететін бір немесе екі пәтер іздеуі тиіс. Ал компания ол үйді сатып алып береді. Қазір шағымданушылар пәтер іздеп жатыр, - деді шағымданушылардың өкілі, заңгер Александр Ожго Азаттық тілшісіне.

Келісім бойынша, компания Цуприковтар отбасы таңдаған үйді 10 күні ішінде сатып алып беруі тиіс. "АрселорМиттал Теміртау" қарашаның 19-ы күні таратқан хабарламасында компания "мәселені әуелден бейбіт түрде және ең бастысы балалардың пайдасына шешуге ынталы болғанын" айтады. Бұған дейін компания заңгері Сергей Цой сотта "АрселорМиттал Теміртау" медиация арқылы шешу жолын қарастыруды ұсынған. Алайда, ол кезде компания ұсынған шарт шағымданушылардың көңілінен шықпаған. Біраз уақыттан соң тараптар басқаша келісім жасасқан.

Теміртауда төрт адамы бар, үйінен айырылған Цуприковтар отбасы Қарағанды облысындағы шахталар мен металлургиялық кеніштердің иесі "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясынан шығынын өндіріп беруді талап еткен. Олар әуелде материалдық шығынды үш жарым миллион, ал моральдық шығынды үш миллион теңге деп бағалаған. Шағымданушы осы компанияға қарайтын ескі су құбыры жарылып, үйін су басты деп санайды. Тұруға жарамсыз деп танылған үйдің бір жағында Анастасия Цуприкова екі баласымен, ал екінші жағында оның анасы тұрған.

Цуприковтар отбасының үйін биыл наурызда құбырдан аққан су басқан. Шығын мөлшерін бағалаған компания өкілі бұған дейінгі сотта үйдің тұруға жарамайтынын және жөндеуге де келмейтінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG