Қарашаның 19-ы күні Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "өз әйелін пышақтап өлтірген" Түркістан қаласы прокуратурасының бұрынғы қызметкері Қанат Исаұлын 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім кесті. Бұл туралы Азаттыққа Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбі айтты.
Қабыл Дүйсенбінің сөзінше, іс қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына тамыз айында түскен. Сот барысында сотталушының биыл мамырдың 11-і күні "әйелін туған күнімен құттықтап, онымен татуласу үшін оның жұмыс орны - Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне барғаны, әйеліне ұрсып, пышақтап өлтіргені" дәлелденген.
"Сот үкімімен Қанат Исаұлы Қылмыстық кодекстің 99-бабымен ("Адам өлтіру") кінәлі деп танылып, оған 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі бойынша, сотталушы жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді" дейді Қабыл Дүйсенбі.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
Марқұмның артында кәмелет жасына толмаған үш баласы қалды.
ПІКІРЛЕР