Accessibility links

Назарбаев полицейлер санын қысқартуды тапсырды


Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов президент Нұрсұлтан Назарбаевқа полицейлердің жаңа форма үлгісін таныстырып тұр. Астана, 19 қараша 2018 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы ішкі істер органдарының жай-күйі қоғам талабына толық жауап бере алмайтынын мәлімдеді. Ақорда ресми сайтының хабарлауынша, Назарбаев бұл туралы Астанада ішкі істер органдарының қызметін модернизациялау мәселелері бойынша өткен жиында айтты.

- Ішкі істер органдарының қызметі қоғам үмітін ақтамай отыр. Халық өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Бұлай болса қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарта алмаймыз. Сондықтан біз дереу полицияны реформалауға кірісуіміз керек, - деді Назарбаев.

Модернизацияның маңызды екенін айтқан президент ішкі істер органдарының құрылымы мен штатын оңтайландыруды және оларды тиісті емес міндеттерінен босатуды тапсырды.

- Штат саны 10 пайызға қысқарады. Бұл шара 100 мың адамға шаққандағы полицейлер санын 471-ден 424-ке дейін қысқартады. Бұл - Еуропадағы орташа көрсеткішпен бірдей. Осыған байланысты 16 миллиард теңге үнемделеді, - деді Назарбаев.

Президент сонымен қатар "полицейлер кезектен тыс аттестациядан өткізіліп, заманауи талаптарға сай келгендер ғана қалатынын" айтты. Ал елдегі Ішкі істер министрлігіне қарасты 12 оқу орнының бесеуі ғана қалады.

Нұрсұлтан Назарбаев қазан айының басында халыққа жолдауында Ішкі істер министрлігі қызметкерлерін қайтадан аттестациядан өткізуге және штат санын қысқартуға шақырған. Президент ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты "ең тәжірибелі полицей және әділ, тәртіпті адам" деп атаған.

Биыл жазда Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тенді көлігінің жанында әлдекімдер пышақтап, спортшы ауруханада қайтыс болған. Осыдан кейін Қазақстан қоғамында Ішкі істер министрлігін реформалап, министр Қалмұханбет Қасымовты отставкаға жіберу туралы үндеулер айтыла бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG