Accessibility links

Путин күзетшілерінің "қымбат жер телімдері" туралы зерттеу жарияланды


Ресей президенті Владимир Путин мен сол кездегі күзет қызметінің бастығы (қазір Росгвардия басшысы) Виктор Золотов. 2004 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен сол кездегі күзет қызметінің бастығы (қазір Росгвардия басшысы) Виктор Золотов. 2004 жыл.

Ресейлік "Новая газета" газеті мен халықаралық Сыбайлас жемқорлықты және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Ресей президенті Владимир Путиннің қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкерлеріне және олардың туыстарына тиесілі жер телімдері туралы зерттеу фильмін жариялады.

Зерттеу авторлары Росгвардияның қазіргі басшысы Виктор Золотов пен бизнесмен Роман Цеповтің қатысы бар қитұрқы әрекеттерден Путиннің күзетшілері Ресейдегі ең қымбат жер - Мәскеу түбіндегі Ново-Огарево резиденциясы жанынан гектарлаған жер телімдеріне ие болғанын айтады.

Бұл жерлер бұған дейін НКВД совхозына қараған. ССРО тараған соң оны жұмысшылар, оның ішінде көбісі Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері жекешелендіріп алған. Басылымның жазуынша, 1990 жылдары жалған құжат жасатып, қорқытып, жерлерін құны 210 рубль тұратын 15 акцияға айырбастап алған.

2003 жылы бұрынғы совхоз жері берілген "Горки-2" агро кешені 12 гектар жерді коммерциялық емес "Заря" серіктестігіне берген. Серіктестікті Федералдық күзет қызметінің жоғары шенді қызметкерлері құрған.

"Заря" гектарлаған жерді 64 жер теліміне бөліп, президент қауіпсіздік қызметінің қызметкерлеріне үлестірген. Федералдық күзет қызметінің аты-жөнін атамаған қызметкері "Новая газета" басылымына жер телімдері "мұқтаж офицерлерге" немесе мерекелерге орай "болмашы ақшаға" берілгенін айтады. Кейбір жер телімдері нарықтағы бағасынан ондаған есе арзанға сатылған.

Басылымның есебінше, 2004 жылдың өзінде ғана "Заря" 50-дей жер телімін сатқан. Бұдан серіктестікке 400-ден 700 миллион рубльге дейін пайда түсуі тиіс болған. Алайда, 2004 жылы серіктестік алты миллион рубль ғана пайда тапқан. Басылым есебіне қарағанда, қазір әр жер телімінің бағасы бірнеше миллион доллар тұрады.

Жер телімін иеленгендер арасында төтенше жағдайлар министрі Евгений Зиничев, президенттің іс басқарушысы Александр Колпаков пен әйелі, президент қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Олег Климентьев пен қызы және Тула облысының губернаторы, бұрын Путиннің күзет қызметінде жұмыс істеген Алексей Дюминнің әкесі және басқа да туыстары бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG