Accessibility links

Тәжікстанда туристерге шабуыл жасағандар сотталды


Хусейн Абдусамадов
Хусейн Абдусамадов

Тәжікстан соты шетелдік туристерге шабуыл жасауға қатысты іс бойынша басты айыпталушы Хусейн Абдусамадовқа өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Биыл шілде айында Дангара ауданында шетелдік туристерге шабуыл жасаған топты басқарған Хусейн Абдусамадов Тәжікстан қылмыстық кодекстің тоғыз бабы: қатігездікпен кісі өлтіру, терроризм, экстремизм, қылмыстық топ құру, мүлікті қасақана жою, азаматтарды шетелдегі әскери қимылдарға тарту және басқа да баптар бойынша айыпты деп танылды.

Сот тағы екі айыпталушы – Кароматулло Ганиев пен Бехруз Сафоевтың әрқайсысына 16 жылдан түрме жазасын кесті. Сот үкімі 21 қарашада шықты.

12 адам "қылмысты хабарламады" деген айыппен бір жылдан бір жарым жылға дейінгі мерзімдерге сотталды. Сотталушылар арасындағы жалғыз әйел Бахринисо Хайдарова кәмелетке толмаған баласы болуына байланысты жазадан босатылды.

19 қарашада мемлекеттік айыптаушы Жоғарғы соттан Хусейн Абдусамадовты өмірлік түрме жазасына кесуін сұраған. Сот процесі Тәжікстан Әділет министрлігінің №1 тергеу абақтысы ғимаратында өтті.

Шілденің 29-ы күні Тәжікстанның Хатлон облысы Дангара ауданының аумағында велосипед мінген саяхатшыларға тұтқиылдан шабуылдаған қылмыскерлер әуелі оларды көлікпен қағып, кейін машинадан түсіп, пышақтап тастаған. Шабуылдан төрт адам - Нидерланд пен Швейцарияның бір-бір азаматы және екі америкалық ажал құшқан. Олармен бір топта кетіп бара жатқан тағы екі адам жарақат алған.

Шабуылды "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алған. Тәжікстан билігі шабуылдың артында елде тыйым салынған "Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясы мен Иран тұрғанын" мәлімдеген. Тегеран шабуылға қатысын жоққа шығарған. Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясы Душанбенің мәлімдемесін терістеп, айыпты "негізсіз әрі саяси астары" бар деп атаған.

Шабуыл жасады деген күдікті бес адамның біреуі - Хусейн Абдусамадов қана тірі қалды. Қалған төртеуі - Зафарджон Сафаров, Асомуддин Маджидов, Джафариддин және Аслиддин Юсуповтар күш құрылымдарының арнайы операциясы барысында оққа ұшқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG