Accessibility links

Душанбе: Худжанд түрмесіндегі бүлікте 21 сотталушының көзі жойылды


Сироджиддин Мухриддин, Тәжікстан сыртқы істер министрі.
Сироджиддин Мухриддин, Тәжікстан сыртқы істер министрі.

Тәжікстанның Худжанд қаласындағы №3/3 түрмеде 8 қарашаға қараған түні болған бүлік кезінде 21 сотталушының көзі жойылды. Бұл туралы Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин 22 қараша күні Брюссельде мәлімдеді.

Сироджиддин Мухриддиннің сөзінше, бүлікке негізінен терроризм айыбымен сотталғандар, оның ішінде "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымын жақтаушылар қатысқан. Ол сотталушылар колонияның екі қызметкерін өлтіріп, бес күзетшісін ауыр жаралағанын мәлімдеді.

"Түрме қызметкерлері мен күзетшілері бүлікшілерді бастапқыда диалогқа шақырған. Бірақ сотталушылар қарсылық білдірген. Бірнешеуі қашпақ болған. Өлген бүлікшілердің 12-сі Сирия және Иракта ИМ жағында соғысқан. Үшеуі "Ансоруллах", "Жундуллах" және "Өзбекстан ислам қозғалысы" ұйымдарының мүшесі болған. Қалған алтауы ауыр қылмыс үшін сотталған" деді Тәжікстан сыртқы істер министрі.

Тәжікстан билігі Худжанд түрмесіндегі бүлік туралы бірінші рет ресми түрде хабарлап отыр.

Бұған дейін тәжікстандық бірқатар БАҚ түрмедегі бүліктен кемінде 50 адам қаза тапты деп мәлімдеген. Бүліктен кейін Соғды облысының прокуратурасы "кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бүлік болған колония басшысымен қоса жеті қызметкер "қызметте салғырттық танытты" деген күдікпен қамауға алынды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG