Accessibility links

Пәкістанда Қытай консулдығына шабуыл жасалды


Карачиде пәкістандық әскерилермен бірге қытайлық әскери кемені қарсы алып тұрған Қытай азаматтары, Пәкістан (Көрнекі сурет).
Карачиде пәкістандық әскерилермен бірге қытайлық әскери кемені қарсы алып тұрған Қытай азаматтары, Пәкістан (Көрнекі сурет).

Пәкістанның Карачи қаласында Қытай консулдығына шабуыл жасаған үш жанкештінің көзі жойылды. Карачи полициясының басшысы Амир Шейхтың хабарлауынша, полиция жанкештілерді консулдыққа кіріп үлгермей атып өлтірген. Шабуылдан сонымен қатар екі полицей қаза тапты.

"Қазір жағдай бақылауда. Шабуыл жасаған үш адамның да көзі жойылды. Олар консулдыққа кіре алмады. Олар виза беретін секцияға кірмек болған" деді Амир Шейх.

Пәкістан телеарналары Карачидің күзеті күшті Клифтон ауданындағы консулдық маңында әлсіз жарылыс үні естілгенін хабарлады.

Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, консулдықта болған 21 азамат зардап шекпеген.

Пәкістан премьер-министрі Имран Хан шабуылды Исламабад пен Пекиннің стратегиялық қарым-қатынасына қарсы "астыртын әрекет" деп атады. Ол шабуылды тергеуге тапсырма берді.

Шабуылды сепаратистік Белужистан азат ету армиясы тобы мойнына алды. "Шабуылды үш адам жасады. Олар Карачидегі Қытай елшілігіне шабуылдады. Қытай біздің табиғи байлықтарымызды ысыраппен пайдаланып отыр" деді топ өкілі Джианд Балох Reuters агенттігіне.

Пәкістанның жақын серігі саналатын Қытай бұл елге соңғы жылдары Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі деп аталатын инфрақұрылымдық жобасы аясында миллиардтаған доллар инвестиция салған. Қытай бұл жоба арқылы елдің батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесін Араб теңізіндегі Гвадар портымен қосуды көксейді.

Пәкістанның ең үлкен және ең кедей Белужистан провинциясы этникалық, діни және сепаратистік ахуал шиеленіскен аймақ саналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG