Accessibility links

АҚШ одақтастарын Huawei өнімдерін пайдаланбауға шақырды


Көрнекі сурет.

АҚШ әкімшілігі әлемдегі одақтастарын қытайлық Huawei телекоммуникация компаниясының құрал-жабдықтарын пайдалануды доғаруға шақырды. Вашингтон бұл компания Қытай билігінің мүддесіне жасырын тыңшылық жасаумен айналысады деп күдіктенеді. Бұл туралы Wall Street Journal хабарлады. Басылымның жазуынша, АҚШ билігі әріптестеріне Huawei жабдықтарынан бас тарту салдарын өтеуге уәде берген. Вашингтон бұл ұсынысын Германия, Италия, Жапония және басқа елдердің биліктері мен интернет қызметін көрсетушілерге жолдаған.

Жыл басында америкалық барлау қызметі қытайлық Huawei және ZTE корпорациялары Қытай үкіметімен байланыста деген күдік білдірген. Өткен айдың соңында АҚШ өз компанияларына Қытайдың микрочип шығаратын Fujian Jinhua фирмасымен әріптестік орнатуға тыйым салған. Вашингтон бұл фирма америкалықтардың интеллектуалдық меншігін ұрлаумен айналысады деп санайды. Одан бұрын, сәуір айында АҚШ америкалық технологиялық компанияларын қытайлық ZTE корпорациясының өнімдерін жеті жыл бойы сатып алмауға міндеттеп, бұл компанияның өнімдерін АҚШ аумағында сатуға шектеу енгізген. Тек ZTE компаниясы АҚШ талабына мойынсұнатын шаралар қабылдағаннан кейін ғана әлгі санкциялар алынған.


Қазан айында АҚШ Қытай барлауын батыс елдері компанияларының коммерциялық авиация саласында пайдаланатын технологияларын ұрлауға әрекет жасады деп айыптаған. Financial Times басылымы батыс университеттерінде жұмыс істейтін қытайлық ғалымдар Қытай армиясының пайдасына ақпарат жинаумен айналысады деп жазған.

Бұған дейін АҚШ вице-президенті Майк Пенс Қытайдан төнетін стратегиялық қауіп-қатер туралы жасаған баяндамасында ол елді әскери және коммерциялық мақсатта ауқымды шпионажбен айналысады деп айыптаған. Пекин бұл айыптауды жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG