Accessibility links

Публицист Джером Корси арнайы прокурормен келіссөз өткізіп жатыр


АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллер.
АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллер.

АҚШ-та "қастандық теориялары" жайлы пікірлердің авторы, консервативтік көзқарастағы публицист Джером Корси Америкадағы сайлауға Ресейдің ықтимал араласуына қатысты іс бойынша тергеу жүргізіп жатқан арнайы прокурор Роберт Мюллердің өкілдерімен кінәсін мойындау мүмкіндігі жөнінде келіссөз өткізіп жатқаны туралы мәлімдеген. Өткен аптада YouTube арнасындағы бағдарламасында Корси оған жалған куәлік берген деген айып тағылуы мүмкін екенін хабарлаған болатын.

Тергеу тобы Корсидың WikiLeaks порталымен байланысын анықтауға ниет танытып отыр. Бұған дейін АҚШ барлау қызметі Ресей WikiLeaks порталына 2016 жылы Америка президенті сайлауына Демократиялық партияың кандидаты ретінде қатысқан Хиллари Клинтонның сайлау кампаниясына кесірін тигізуі мүмкін материалдар берген деген тұжырым жасаған.


Корсидың куәлігі тергеу тобына АҚШ-тағы 2016 жылғы сайлауда Республикалық партиядан президенттікке кандидат Дональд Трамптың төңірегіндегі адамдардың WikiLeaks жоспары туралы қаншалықты білгенін анықтауға мүмкіндік беруі ықтимал. "Америка дауысының" хабарлауынша, бұған дейін Корси Трамптың сенімді өкілі Роджер Стоунмен бірге жұмыс істеген.

Джером Корси "қастандық теориялары" тақырыбын қозғайтын InfoWars сайтына ұзақ уақыт еңбек еткен. Ол АҚШ Демократиялық партиясы лидерлерін, соның ішінде экс-президент Барак Обама мен бұрынғы мемлекеттік хатшы Джон Керриді сынап-мінеген бірнеше кітаптың авторы. Корси айтқан айыптауларының көбіне айғақ-дәлел келтірмеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG