Accessibility links

Британ бас штабы басшысы Ресейден төнетін қатерді айтты


НАТО күштері жаттығуына қатысушылар. (Көрнекі сурет.)
НАТО күштері жаттығуына қатысушылар. (Көрнекі сурет.)

Ұлыбритания қарулы күштері бас штабының жаңа басшысы генерал Марк Карлтон-Смит Британия мен одақтастары үшін Ресей "Ислам мемлекеті" немесе "Әл-Қаида" тәрізді террорлық ұйымдардан да үлкен қатер төндіреді деп санайды.

The Telegraph басылымына берген сұхбатында 54 жастағы британ генералы Ресей тарапынан төнетін қатер армиясының күшімен ғана шектелмейді деп мәлімдеген. Карлтон-Смиттің сөзінше, Мәскеу Батыстағы тұрақтылықты бұзу үшін күрестің жаңа құралдарын, соның ішінде киберкеңістікте, ғарышта және су астында қолданылатындарын әзірлеумен жүйелі түрде айналысып жатыр.

"Ресей осалдық пен әлсіздікті аңғара салысымен оларды пайдалануға тырысады", - деген британ генералы. Бұған қоса ол НАТО ұйымын нығайтуды қолдап, еуропалық біртұтас қарулы күштер жайлы идеяны құптамаған.


Сирия мен Иракта "Ислам мемлекеті" экстремистік тобымен күресіп жатқан АҚШ пен одақтас елдерді біріктіретін халықаралық коалиция құрамында Ұлыбритания да бар. Генерал Карлтон-Смиттің сөзінше, соғыста тас-талқан болып жеңіліп, бұған дейін бақылауында ұстап келген территориялардың барлығынан айырылған радикалды исламшылдар тарапынан төнген қатер соңғы уақытта айтарлықтай бәсеңдеген.

Ресейдің Лондондағы елшілігі Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында генерал Карлтон-Смиттің айтқанына: "Армия басшысын ИМ мазаламай ма? Данышпан стратегиялық көзарас!" деп мысқылмен жауап берген.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров британ генералының сөзіне қатысты пікірінде: "Біз британ үкіметінің өз қарулы күштерін сеніп тапсырған адамға қатысты шешіміне ықпал ете алмаймыз. Бірақ олар мұндай шешімдердің барабарлығын тексереді деп үміттенемін" деген.

54 жастағы генерал Марк Карлтон-Смит бұған дейін Ұлыбританияның арнайы мақсаттағы күшін (SAS) басқарған. Ол "Әл-Қайда" басшысы Усама бен Ладенді іздеу шараларына, Ирак пен Ауғанстандағы әскери операцияларға қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG