Accessibility links

Украинада 30 күнге әскери жағдай жарияланды


Қара теңіздегі Одесса портын қарауылдап жүрген Украина әскери кемесі (Көрнекі сурет).
Қара теңіздегі Одесса портын қарауылдап жүрген Украина әскери кемесі (Көрнекі сурет).

Украина парламенті Керчь бұғазындағы жанжалға байланысты елде 30 күнге әскери жағдай жариялауды мақұлдады. 26 қараша күні өткен талқылауда 450 депутаттың 276-сы президент Петр Порошенконың 30 күнге әскери жағдай жариялау туралы ұсынысын қолдап дауыс берді. 26 қараша күні бұдан ертерек Порошенко 26 қарашадан 2019 жылдың 28 қаңтарына дейін әскери жағдай жариялау туралы жарлық шығарған еді.

Парламент мақұлдаған құжат бойынша, әскери жағдай 28 қарашадан бастап жарияланады. Төтенше жағдай "Ресей басқыншылығына ұшырауы мүмкін" аймақтарда енгізіледі.

Бас штабқа ішінара мобилизация бастау туралы пәрмен беріліп, әскери-әуе күштерінің дайындығы күшейтіледі.

Елдің қауіпсіздік қызметіне контр-барлау, терроризм мен диверсияға қарсы шараларды және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту туралы пәрмен берілді.

Бұған дейін Киев пен Мәскеу бір-бірін арандату әрекетіне барды деп айыптаған.

25 қараша күні таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, ұстап әкеткен. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелерін территориясына "заңсыз кірді" деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні "алдын-ала ескертілгенін" айтып, Ресей әрекетін "бассыздық" деп атаған.

Батыс елдерінің басшылары Ресейді айыптап, украиналық теңізшілер мен кемелерді босатуға шақырды. Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Ресейдің күш қолданғанын айыптап, Еуропа Одағының Украинаны қолдайтынын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG