Accessibility links

АҚШ ЕО-ны Ресейге салған санкциясын күшейтуге шақырды


Хизер Нойерт, АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі.

Вашингтон Керчь бұғазындағы жанжалдан соң Еуропа Одағын (ЕО) Ресейге салынған санкцияны күшейтуге шақырды. АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт Еуропа елдері Украинаны қолдауын күшейтіп, "Солтүстік ағын - 2" жобасына қатысты ұстанымын қайта қарауы керегін мәлімдеді.

Нойерттің сөзінше, көп ел Ресейге Қырым түбегін аннексиялап алып, Украина шығысындағы қақтығысқа киліккені үшін санкциялар салғанымен, олардың барлығы бірдей орындалып жатқан жоқ.

Еуропа Одағына уақытша төраға Австрия сыртқы істер министрі Карин Кнайсль желтоқсанда өтетін саммитте одақ елдері басшылары Қара теңізде Украинаның үш әскери кемесін экипажымен бірге тұтқындағанына байланысты Ресейге салған санкциясын қатаңдату мәселесін қарастыруы мүмкін екенін мәлімдеген. Эстония мен Польша бұл ұсынысты қолдап, Германия мен Франция қарсы шыққан. Германия мен Франция өкілдері Ресей мен Украина арасындағы бір-біріне деген сенімді күшейту шараларын қолдайтынын, санкция бұған септеспейтінін айтқан.

АҚШ бұған дейін Ресейді Керчь бұғазындағы жағдайға айыптаған. Мемлекеттік департамент Ресейдің әрекетін "басқыншылық" деп атаған.

Ресей Украинаны теңіздегі шекарасын бұзды деп айыптайды. Украина кемелері Азов теңізіне баратыны туралы алдын ала ескертілгенін айтып, Ресейдің әрекетін "бассыздық" деп айыптаған.

Жанжалға байланысты 28 қарашадан бастап Украинаның бірқатар аймағында 30 күнге әскери жағдай жарияланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG