Accessibility links

Адвокат: Жұмаевты тергеу кезінде заң бұзылған


Полиция қызметкері Абловас Жұмаевты апелляциялық сот отырысынан соң залдан әкетіп барады. Ақтау, 15 қараша 2018 жыл.

Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Тelegram-чатындағы хабарламалары үшін үш жылға сотталған Абловас Жұмаевқа қатысты сот тергеуін жалғастырды. Тергеуге шақырылған ҰҚК қызметкері тағы да келмеді. Судьялар өткен процестегі келісімдерінен айнып, адвокат ұсынған ҚДТ бағдарламасын интернеттен қараудан бас тартты.

Сотқа Жұмаевқа қолдау білдіруге келген бір топ жергілікті белсенділер қатысты. Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның Маңғыстаудағы филиалы өкілі сотқа бақылау жасады.

Апелляциялық сот тергеуін алқа төрағасы Ержан Қарабаев пен судьялар Абай Ізбасаров және Сәуле Өмірболатова жүргізді. Сот отырысын мемлекеттік айыптаушы Есенғали Базарбаев қадағалады.

Сотқа куәлік етуге шақырылған Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облыстық департаментінің қызметкері Ержан Бисенбаев бұл жолы да келмеді. Сот департаменттің хат жолдап, "ондай адамның жұмыс істемейтінін хабарлағанын" айтты, бірақ хабарламаны көрсетпеді.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева Абловас Жұмаевты тінтуге қатысқандардың бірі сот тергеуінде берген жауабында тергеу хаттамасындағы қолдың өзінікі емесін, адвокаты тергеу кезінде толтырылған хаттамалардың өзгертілгенін анықтағанын айтты. Сотқа куә ретінде шақырылған тергеуші Айдос Қадиев бұл дәйектердің барлығын терістеді.

Жанар Сүндетқалиева тінту кезінде алынған үнпарақты "Жұмаевтың құқығын бұзып, оған таныстырмастан іске қоса салғанын" да айтты. "Сіз осы тінту кезінде табылған үнпарақта билікті күшпен құлатуға шақыру бар екенін көрдіңіз бе?" деп сұрады адвокат Қадиевтан.

Тергеуші үнпарақты "Жұмаев өзі білемін деген соң таныстырмағанын" айтты.

Жанар Сүндетқалиева судьяларға Жұмаевқа тағылған айыпқа дәлел ретінде қолданып отырған ҚДТ бағдарламасының түпнұсқасын телефоннан қарап танысуды ұсынды. Бұған прокуор қарсылық білдіріп, судьялар да ҚДТ бағдарламасын қараудан бас тартты.

Залда қатысушылар шулап, наразылық білдірген соң судья адвокат ұсынған ҚДТ бағдарламасының қағазға шығарылған түпнұсқасын іске тіркеді.

Адвокат Жұмаевты тінтуге қатысқан Маңғыстау облыстық полиция департаменті экстремизммен күрес бөлімінің бұрынғы бастығы Рашид Қуандықовты, учаскелік полицей Арыстановты және тәуелсіз сарапшыны куә ретінде шақыруды ұсынды. Прокурор оған "босқа уақыт кетіреміз" деп қарсылық білдірді.

Бұдан соң аппеляциялық сот алқасы бірден сот жарыссөзіне көшуді ұсынды. Адвокат Жанар Сүндетқалиева оған дайын емесін айтып, бірнеше күнге мұрсат беруді өтінді.

Сот жарыссөздің 5 желтоқсанда болатынын хабарлады.

44 жастағы Абловас Жұмаевты Ақтау қалалық соты 20 қыркүйекте "әлеуметтік, рулық алауыздық тудырды", "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айыптармен үш жылға түрме жазасын кескен еді. Оның 38 жастағы әйелі Айгүл Ақбердиеваға да "билікті басып алуға шақырды" және "Қазақстанның конституциялық құрылымын күштеп өзгертпек болды" деген айыптар тағылып, қыркүйектің 24-інде соты басталған.

Абловас Жұмаевтың аппеляциялық шағымы қарашаның 8-інен бері қаралып жатыр.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG