Accessibility links

Порошенко НАТО-дан Азов теңізіне кеме жіберуді сұрады


Петр Порошенко, Украина президенті.

Украина президенті Петр Порошенко НАТО-ны Украинаны қорғап, Азов теңізіне кемелерін жөнелтуге шақырды.

29 қараша күні немістің Bild газетінде жарияланған сұхбатында Порошенко Еуропа елдері Керчь бұғазындағы жанжалдан соң белсенді қимылдайды, әсіресе Ресейге салған санкциясы мен Украинаны әскери жағынан қорғауды күшейтеді деп үміттеніп отырғанын айтты.

"Біз НАТО елдері Украинаны қолдап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Азов теңізіне кемелерін жібереді деп үміттенеміз" деді Порошенко. Ол Ресей президенті Владимир Путин өзін "орыс императоры", ал Украинаны "Ресейдің колониясы" санайтынын айтты. "Біз Ресейдің басқыншы саясатын қабылдай алмаймыз. Әуелде Қырымды алды, сосын Украинаның шығысына кірді, енді Азов теңізін алғысы келеді" деді Украина президенті.

Азов теңізі Ресей 2014 жылы аннексиялап алған Қырым түбегі мен Ресей және Украинаның құрлықтағы территориясын бөліп тұр. Ресей биыл мамырда Керчь бұғазында көпір салу арқылы Қырымды өзінің Краснодар өлкесімен қосып, бұғазға бақылау орнатқан. Керчь бұғазы - Қара теңізден Азов теңізіне өтетін жалғыз өткел. Азов теңізі жағалауында Украинаның бірнеше порты орналасқан. Ал Қара теңіз негізінен НАТО бақылайтын акватория саналады.

Украина НАТО құрамында болмаса да, альянсқа серіктес ел. НАТО бұған дейін Украинаны қолдайтынын мәлімдеп, Ресейді украин теңізшілерін босатуға және кемелерін қайтаруға шақырған. 26 қарашада НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейге бұғаздағы әрекетінің "кері салдары болатынын" ескерткен.

25 қараша күні таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, ұстап әкеткен. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелерін территориясына "заңсыз кірді" деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні "алдын-ала ескертілгенін" айтып, Ресей әрекетін "бассыздық" деп атаған.

Украина қарулы күштерінің мәліметінше, атыстан кейін 23 адам болған кемелермен байланыс үзілген. Алты украин сарбазы жараланған. Оның екеуінің халі ауыр, үшеуі Керчь ауруханасында жатыр. Жағдайлары бір қалыпты.

28 қарашада Украинаның Ресеймен шектесетін он облысында бір айға әскери жағдай жарияланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG