Accessibility links

Украина: Әскери жағдай жарияланған облыстарда сайлау өтпейтін болды


Азов теңізі жағалауындағы Урзуф кентінде тұрған Укрина танктері. 29 қараша 2018 жыл.
Азов теңізі жағалауындағы Урзуф кентінде тұрған Укрина танктері. 29 қараша 2018 жыл.

Украинаның Орталық сайлау комиссиясы 29 қараша күні әскери жағдай жарияланған 10 облыста жергілікті өкілді органдарға сайлау өткізбеу туралы шешім қабылдады.

Комиссияның ресми сайтында жарияланған хабарламада заңға сай, әскери жағдай кезінде президент, парламент және жергілікті өкілді органдарға сайлау болмайтыны айтылады. Желтоқсан айында Украинаның әскери жағдай жарияланған облыстарында муниципалдық, аудандық және облыстық өкілді органдарға 60-тан аса сайлау өтуі тиіс болған.

28 қарашада Украинаның Ресеймен шектесетін облыстарында және Қара теңіз бен Азов теңізінің ішкері аймақтарында әскери жағдай жарияланған. Украина президенті Петр Порошенко шығарған жарлық бойынша, әскери жағдай 26 қарашадан 26 желтоқсанға дейін созылады.

Порошенко әскери жағдайды Ресейдің Қара теңізде Украина әскери кемелері мен теңізшілерін тұтқындауына байланысты жариялады. Киев Ресейдің бұл әрекетін басқыншылық деп атайды. Украина қарулы күштері толық әскери дайындыққа келтірілді.

25 қарашада Ресей шекарашылары Қара теңізде Украинаның үш әскери кемесін 24 теңізшісімен қоса тұтқындап, аннексиялап алған Қырым түбегіне алып кеткен. Тұтқындалған Украина теңізшілерінің барлығы екі айға қамалды. Ресей әскерилерінің украин катерін атқылауы кезінде үш украин теңізшісі жараланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG