Accessibility links

Қауымдастық Қытайда қамалғандар туралы арыз-шағым қабылдай бастады


Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматыдағы бөлімшесінде Қытайда қамалғандар туралы арыз-шағым қабылдайтын жұмысшы топтың өкілдері. Алматы, 30 қараша 2018 жыл.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматыдағы бөлімшесінде Қытайда қамалғандар туралы арыз-шағым қабылдайтын жұмысшы топтың өкілдері. Алматы, 30 қараша 2018 жыл.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматыдағы бөлімшесінде Қытайдағы қысым көріп жатқан этникалық қазақтардың мәселесіне қатысты арыз-шағым қабылдай бастады. Арыз қабылдайтын жұмыс тобының құрамына қауымдастық өкілі мен "Отандастар" қорының мүшесі және "Жебеу" республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері кірген. Жұмыс тобының жетекшісі Қарлығаш Бекпатшақызының айтуынша, қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков 27 қараша күнгі "Қытайда қамауда отыр" делінген қазақтардың туыстарымен кездесуден кейін олардың арыз-шағымын жинау үшін арнайы топ жіберген.

- Бөлімше бұған дейін жекелеген адамдардың арызын алып, оны билік органдарына жіберіп отырған. Енді бөлініп қалған отбасылардың арыз-шағымын топтап қабылдап, құзырлы мекемелерге жеткізіп, жинақталған мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етеді және қадағалайды, - дейді жұмысын жаңадан бастаған топ жетекшісі.

Зауытбек Тұрысбеков Алматыда көпшілігі Қытайдан қоныс аударған қазақтармен кездесуінде "Шыңжаңда қысымға ұшырадық" деп арыз-шағым айтушы этникалық қазақтардың басындағы жағдайды "білмей қалғанын" мәлімдеген. Ол қамаудағы әр азамат туралы құжаттарды жинау керегін, соған қарап тізім жасайтындарын айтқан. "Сөйтіп, осы мәселені министрліктерде шешуге бар әрекет жасаймын. Себебі әкім болдым, министр болып істедім. Көп азаматтарды танимын" деген Тұрысбеков.

Оқи отырыңыз: Тұрысбеков: "Шыңжаңдағы жағдайды білмедім"

2017 жылдың сәуір айынан бастап Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысым көріп жатқаны туралы мәлімет қазақстандық ақпарат құралдарында жариялана бастады. Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Германиядан келген қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген болатын. Сол кезде президент те бұл туралы "алғаш рет естіп отырғанын" айтқан. Бұдан кейін Қытайдағы аз ұлттардың қысымға ұшырағаны туралы халықаралық ұйымдар жиі-жиі мәлімдеме жасай бастады. 2 қараша күні Женевада БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау комитеті кезекті отырысын осы тақырыпқа арнаған. Бұл жиында жетекші Батыс елдері Пекиннен саяси үйрену орталықтарына қамалған Шыңжаңның байырғы халқы саналатын этникалық және діни азшылық өкілдерін дереу босатуды талап еткен.

26 қараша күні Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі жыл басынан бері Қытайдағы қысымға қатысты 915 адам шағымданғанын, 29 қазақстандықтың Қытай билігі тарапынан қос азаматтықты пайдаланды деген күдікке ілініп, қамауға түскенін, оның 15-і Қазақстан билігі араша түскен соң босап шыққанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG