Accessibility links

Горбачев үлкен Буштың қазасына байланысты көңіл айтты


Бұрынғы СССР-дің экс-президенті Михаил Горбачев. Мәскеу, 8 қараша 2018 жыл.
Бұрынғы СССР-дің экс-президенті Михаил Горбачев. Мәскеу, 8 қараша 2018 жыл.

Бұрынғы Совет одағының тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев кезінде өзі бірнеше келіссөз өткізген АҚШ экс-президенті үлкен Джордж Буштың қазасына байланысты көңіл айтты.

"Өткенді есіме салатын көп жайттар осы адаммен байланысты. Үлкен өзгерістер болған жылдары біз бірге жұмыс істедік. Ол баршаға зор жауапкершілік жүктеген күрделі уақыт еді. Нәтижесінде қырғи-қабақ соғыс пен жанталаса қару [дәуірі] аяқталды", - деген Горбачев.

АҚШ президенті Джордж Буш (сол жақта) пен СССР президенті Михаил Горбачев. Хельсинки, 9 қыркүйек 1990 жыл.
АҚШ президенті Джордж Буш (сол жақта) пен СССР президенті Михаил Горбачев. Хельсинки, 9 қыркүйек 1990 жыл.

АҚШ-тың 41-президенті үлкен Джордж Буштың жұма күні 94 жасында дүниеден өткені туралы оның ұлы, АҚШ-тың 43-президенті кіші Джордж Буш хабарлаған. АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп экс-президенттің қазасына байланысты көңіл айтқан.

18 жасында мектепті тәмамдаған соң Джордж Буш АҚШ әскери-теңіз күштерінде ұшқыш болып қызмет атқарған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Тынық мұхиттағы майданда 58 рет жау шебіне ұшып, әскери операцияларға қатысқан. 1944 жылы жапондар оның ұшағын атып, Буш әуеден суға құлаған. Төрт сағат теңізде жүзген оны кейін америкалық әскери теңізшілер құтқарып алған.

Оқи отырыңыз: АҚШ-тың аты аңызға айналған 41-президенті

АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы және Қытайдағы елшісі, Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры, екі мерзім АҚШ вице-президенті қызметін атқарған үлкен Джордж Буш 1988 жылы АҚШ президенті болып сайланған.

Ол Ақ үйде билікте болған кезде қырғи-қабақ соғыс аяқталып, Совет одағы құлады, Кувейтті Саддам Хусейн басқаратын Ирак басқыншылығынан азат еткен "Шөлдегі дауыл" әскери операциясы жүргізілді. Бұл операцияға 30 елдің әскерилері қатысқан.


1992 жылы АҚШ президенті сайлауында бәсекелесі Билл Клинтоннан жеңілгеннен кейін үлкен саясаттан шеттеген ол кейін ұлы кіші Джордж Буштың 2000 жылы өткен АҚШ президенті сайлауында жеңіске жетуіне белсенді көмектескен.

Үлкен Джордж Буш қарттығы мен денсаулығының нашарлағанына қарамастан батылдығын жоғалтпаған.әрекеттер жасады. Ол 75, 80 және 90 жасқа толғанда әуеден парашютпен секірді. Өмірінің соңғы төрт жылын мүгедек арбасында өткізді.

Үлкен Джордж Буш 73 жыл бірге өмір сүрген зайыбы Барбара Буш биыл сәуірде дүниеден өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG