Accessibility links

АҚШ экс-президенті үлкен Джордж Буш дүние салды


АҚШ-тың 41-президенті үлкен Джордж Буш.
АҚШ-тың 41-президенті үлкен Джордж Буш.

АҚШ-тың ең ұзақ жасаған бұрынғы президенті үлкен Джордж Буш қарашаның 30-ы күні 94 жасында дүние салды. Бұл туралы оның ұлы, АҚШ-тың тағы бір экс-президенті кіші Джордж Буш хабарлаған.

1924 жылы Массачусетсте белгілі банкир әрі сенатор Прескотт Буштың отбасында дүниеге келген Джордж Буш екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қаһармандығымен танылған. Соғыстан кейін Йель университетін бітіріп, жиырма жылдай уақыт Техаста мұнай бизнесімен айналысқан, кейін отбасылық дәстүрді жалғастырып саясатқа араласқан.

Орталық барлау басқармасының басшысы, БҰҰ-дағы және Қытайдағы елші, екі мерзім АҚШ вице-президенті қызметтерін атқарған үлкен Джордж Буш 1989-1993 жылдар аралығында АҚШ президенті болған тұста "темір перде" алынып, Совет одағы құлады. Ол бұрынғы коммунистік режим елдерінде Батыс стиліндегі демократияны орнықтырып, оларды әлемдік экономикаға интеграциялауға үлес қосты. Ресеймен стратегиялық әріптестік орнатып, соның арқасында Мәскеу ядролық қару қорын біршама азайтты.

Президент Буш билігі кезінде АҚШ Саддам Хусейн билеген Иракқа соғыс ашып, ол кейін Парсы шығанағындағы "бірінші соғыс" деген атқа ие болған.


Ақ үйден кеткен соң үлкен Джордж Буш саясаттан аулақтағанымен, қоғамдық белсенділігін жалғастыра берді. Бұрынғы бәсекелесі экс-президент Билл Клинтон екеуі әлеуметтік және мәдени мәселелерді шешуге қатысып, шетелдерде ізгі ниет елшісі қызметтерін атқарды, 2004 жылы цунамиден зардап шеккендерге, 2005 жылы АҚШ-тың оңтүстігін шарпыған "Катрина" дауылы кесірінен панасыз қалғандарға жылу жинауға көмектесті.

Буш Паркинсон ауруының бір түрі – қантамыр паркинсонизмі дертіне шалдығып, 2012 жылдан бері моторлы скутермен және мүгедек арбасымен жүрді. Соған қарамастан батыл әрекеттер жасады. Зейнетке шыққан соң ол 75, 80 және 90 жасқа толғанда әуеден парашютпен секірді.

АҚШ-тың 41-президенті үлкен Джорд Буш зайыбы Барбарамен 73 жыл бірге өмір сүрді. Бұл – АҚШ-тың президент әулетіндегі ең ұзақ отасқан жұп. Барбара Буш биыл сәуірде дүние салған. Екеуінің бір ұлы - кіші Джордж Буш екі мерзім АҚШ президенті болып сайланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG