Accessibility links

БАҚ: Францияда төтенше жағдай енгізілуі мүмкін


Жанармай салығын көтеруге қарсылық акциясы кезінде өртенген автокөліктегі отты сөндіріп жатқан адамдар. Париж, 1 желтоқсан 2018 жыл.
Жанармай салығын көтеруге қарсылық акциясы кезінде өртенген автокөліктегі отты сөндіріп жатқан адамдар. Париж, 1 желтоқсан 2018 жыл.

Францияда желтоқсанның 1-і күні болған тәртіпсіздіктерден кейін төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Europe1 радиосы эфирінен француз үкіметінің ресми өкілі Бенжамен Гриво мәлімдеген.

Ол "қандай шаралар қолдануымыз керек екенін ойлану керек" деген. Елде төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін бе деген сауалға Гриво Франция президенті Эммануэль Макронның желтоқсанның 2-і күні премьер-министр және бірқатар министрлермен бірге кеңес өткізетінін, онда оқиғаның қалай өрбуі ықтимал екені талқыланатын болады деп жауап берген.


Сенбі күні Париждегі Салтанат қақпасы ауданында полиция жанармай салығын көбейтуге қарсылық білдіріп шеруге шыққан наразыларға жас ағызатын газ бен су шашып, пиротехникалық гранаттар қолданған. Оқиғалар барысында 122 адам ұсталған.

Франция үкіметінің ақпараты бойынша, Парижде шеруге бес жарым мың адам шыққан, ал бүкіл ел көлемінде шеруге қатысушылардың саны 36 мың адамға жеткен.

Францияда жанармай акцизін көтеруге қарсылық акциялары бірнеше апта бойы жалғасып жатыр. Өткен аптада шерудің соңы тәртіпсіздіктерге ұласқан. Ол жолы 100-ден астам адам ұсталған.

Аргентинада "Үлкен жиырмалық" саммитіне қатысып жатқан Франция президенті Эммануэль Макрон елдегі тәртіпсіздіктерге жауаптылар анықталып, сотқа тартылады деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG