Accessibility links

Шымкентте "балмұздақтан улану" ісінің үкімі шықты


Көрнекі сурет

5 желтоқсан күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты "балмұздақтан жаппай улану" ісі бойынша үкімін жариялады. Бұл туралы Азаттыққа қалалық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби хабарлады.

Дүйсенбидің айтуынша, аудандық соттың судьясы кәсіпкер Дилмурат Ишмуратовты Қылмыстық кодекстің 304-бабымен ("Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу") айыпты деп танып, бір жыл бас бостандығын шектеп, үш жылға қоғамдық тамақтану саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқұғынан айырып, жәбірленушілерге бір жарым миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіруге үкім етті.

- Сот тергеуінде кәсіпкердің айыбы толық дәлелденді. Ол тиісті санитарлық тәртіпті сақтамағанын мойындады, - деді баспасөз хатшысы.

Аудандық сотқа қазан айында түскен істі судья Талған Қахаров қараған.

Шымкентте наурыз айының соңында "Южный" кафесінің жанында орналасқан дүңгіршектен балмұздақ сатып алып уланған тұрғындар Түркістан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. 3 сәуір күні олардың саны 188-ге жеткен. Кейіннен уланғандардың 31-і сальмонеллёз, 13-і стафилококк ауруын жұқтырғаны, балмұздақ дайындаған 12 қызметкердің бесеуінен сальмонеллёз және стафилококк ауруы анықталғаны белгілі болды.

Улану дерегі бойынша қалалық полиция департаментіне жүзден аса адам арызданған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG