Accessibility links

Ақтөбеде құмай тазылар көрмесі өтіп жатыр


Кинологтар көрмеге әкелінген құмай тазыларды тексеріп жатыр. Ақтөбе, 7 желтоқсан 2018 жыл.
Кинологтар көрмеге әкелінген құмай тазыларды тексеріп жатыр. Ақтөбе, 7 желтоқсан 2018 жыл.

Ақтөбеде жаңа құрылған "Тазы жанашырлары" атты бірлестік алғашқы көрмесін өткізіп жатыр. Көрмеге Ақтөбемен көршілес Орал қаласы, Ресейдің Орынбор, Орск қалаларының тазы ұстаушылары жиналған. "Тазы жанашырлары" бірлестігінің жетекшісі Ғабит Сейітжановтың айтуынша, бұл көрме құмай тазыларды кинологтар одағының сарапшыларына бағалатып, әрқайсына құжат алу үшін ұйымдастырылып отыр.

- Біздің бірлестікке 200-ден астам тазының иелері мүше. Бірақ оның бәрін қаны таза құмай тазы деп айта алмаймын. Біздің есебімізше, Ақтөбеде 50-60 құмай тазы бар. Солардың санын көбейтіп, тұқымын асылдандырғымыз келеді. Ақтөбеде тазы өсірушілер бірлестігі бұрын да болған. Бірақ итбегілердің арасында ауызбірлік болмай, ісіміз ілгерілемеген еді, - дейді Ғабит Сейітжанов.

Ақтөбедегі кинологтар одағының сарапшылары бүгін көрмеге әкелінген тазыларды сынап көрді. Ұйымдастырушылар ертең, яғни 8 желтоқсан күні Ақшат ауылы маңында көрмеге қатысқан тазыларды аңға салып көреді.

Құмай тазылардың көрмесіне қатысу үшін Орск қаласынан келген итбегі Әлижан Айтуғановтың сөзіне қарағанда, кинологтардың халықаралық қауымдастығы құмай тазыны "орта азиялық тұқым" деп қана таниды. Ал, халықаралық қауымдастыққа мүше болып, "құмай тазы" деген тұқымды мойындату үшін кем дегенде әр тазының төрт буынын құжаттандыру керек.

- Мен Ресейде туып-өскен қазақпын. 1975 жылдан бері тазы ұстаймын. Ресейде итбегілердің қауымдастықтары өте көп. Бірақ ешқашан тазы ұстаушылардың бірлестіктері болған емес. Сондықтан Ақтөбеге келіп, осындағы бірлестікке мүше болдым, - дейді Әлижан Айтуғанов.

Оның айтуынша, қаны таза құмай тазының жүні тықыр әрі жылтырап тұрады. Шашақты түгі бар құлақтары жұмсақ болуы керек. Итбегілер құмай тазыны сақина тәріздес дөңгеленіп тұратын құйрығы мен сүйегіне, арқасына қарап та ажыратады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG