Accessibility links

Генерал Дандорф: АҚШ СНВ-3 келісімін ұзартпауы мүмкін


Генерал Джозеф Дандорф, АҚШ қарулы күштері штаб басшылары біріккен комитетінің басшысы.
Генерал Джозеф Дандорф, АҚШ қарулы күштері штаб басшылары біріккен комитетінің басшысы.

Ресей егер орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімді бұзса, АҚШ екі елдің стратегиялық ядролық арсеналын шектейтін СНВ-3 келісімін ұзартудан бас тартады. Бұл туралы Вашингтонда АҚШ қарулы күштері штаб басшылары біріккен комитетінің басшысы генерал Джозеф Дандорф мәлімдеді.

Дандорфтың сөзінше, келісім тағдырына қатысты шешімді саясаткерлер қабылдайды. Алайда, ол әскери маман ретінде "қысқа және орта қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісім орындалмай жатқанда" СНВ-3 келісімін ұзартуды жөн көрмейтінін айтты.

2010 жылы сәуірдің 8-і күні сол кездегі АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведев Прагада қол қойған СНВ-3 келісімі 2011 жылы ақпанның 5-і күні күшіне енген. Он жыл мерзімге жасалған құжат тараптардың келісімі бойынша бес жылға ұзартылады деп белгіленген. Келісімге сәйкес, екі тарап ядролық оқтұмсықтардың санын алдағы жеті жылдың ішінде 1550-ге дейін, екі елдің иелігіндегі құрлықтағы, теңіздегі және әуедегі баллистикалық зымырандар санын 700-ге азайтатын болған. Бұл келісім 2009 жылы желтоқсанда күші біткен СНВ-І келісімін алмастырған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, егер келісім ұзартылмаса, онда ядролық қару-жарақ арсеналын азайтуға салынған барлық шектеу жойылады.

Вашингтон Ресейді орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы 1987 жылы жасалған келісімді бұзды деп бірнеше рет айыптаған. Бірер күн бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысының қару-жарақты бақылау жөніндегі орынбасары Андреа Томпсон Мәскеуді 9М729 ("Новатор") қанатты зымырандарынан бас тартуға шақырған. Вашингтонның ұйғарымынша, 1987 жылғы келісім бойынша, мұндай зымыранды қолдануға тыйым салынған.

Оқи отырыңыз: АҚШ Ресейге "Новатор" зымыран жүйесіне қатысты талап қойды

4 желтоқсанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ресей өзіне жүктелген міндетін орындасама, АҚШ 60 күннің ішінде орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою жөніндегі келісімнен шығатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG