Accessibility links

Ақтауда журналист Тоқберген Әбиев сотталды


Журналист Тоқберген Әбиев.
Журналист Тоқберген Әбиев.

Ақтау қалалық соты Астанадағы "Заң және сот төрелігі" баспасөз клубының және Abiyev.kz сайтының жетекшісі Тоқберген Әбиевті "сот пен мемлекеттік органдар жұмысына килігу" ісі бойынша бір жылға соттады. Судья 5 желтоқсан күні шығарған үкімінде Әбиевті Қылмыстық кодекстің 130-бабы 2-бөлімімен ("Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жала жабу") айыпты деп таныды.

Сот бұл іс бойынша жергілікті кәсіпкер Азамат Таңатаровқа да "жала жабу" айыбымен жеті айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Іс бойынша барлығы төрт адам әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы Маңғыстау облысының мемлекеттік органдары мен сотының жұмысына килікті деп айыпталған. Сот Әбиев пен Таңатаровтан өзге екі сотталушыны "істеген ісінде қылмыс құрамы жоқ" деп ақтаған.

Сот үкімі бойынша, сотталушылар жазасын қоныс колониясында өтеуі тиіс. Сот үкіміне 15 күн ішінде шағымдануға болады.

Тоқберген Әбиев әлеуметтік желіде таралған, белгісіз бір топ ер адам саунада "Ақтау қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің жаңа қызметкерін қатарға қабылдап, қызметтік куәлік тапсырғаны" туралы даулы видеоға түскен деп айыпталып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұған дейін видеоның ведомствоға қатысы жоғын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG