Accessibility links

Прокурор шымкенттік белсендіге 5 жыл сұрады


Белсенді Сүйін Абулда
Белсенді Сүйін Абулда

7 желтоқсан күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында прокурор Бақытжан Ақәділов қоғамдық белсенді Сүйін Абулданы 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Істі судья Еркебұлан Төлешов қарап жатыр. Сот отырысына жәбірленуші мен адвокаты, өзге де айыпталушылар мен олардың адвокаттары және жақтаушылары қатысты.

Сот тергеуін аяқтаған судья Төлешов жарыссөзге көшті. Прокурор соттан Сүйін Абулданы Қылмыстық кодекстің 420-бабы ("Сарапшының, маманның көрінеу жалған айғақтары, қорытындылары немесе қате аударма"), онымен бірге сотталып жатқан бұрынғы Шымкент қалалық тұрғын үй инспекциясының жетекшісі Марат Жұмановты Қылмыстық кодекстің 419-бабы ("Көрінеу жалған сөз жеткізу") және 420-бабы ("Сарапшының, маманның көрінеу жалған айғақтарды, қорытындылары немесе қате аударма") бойынша кінәлі деп тауып, олардың әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Оқи отырыңыз: Шымкент соты белсенді Сүйін Абулданың ісін қарай бастады

Айыпталушылар мен олардың адвокаттары соттан қылмыстық іс қозғаудың өзіне негіз жоқ екенін айтты. Сүйін Абулда мен Марат Жұманов тағылған айыппен келіспейтінін, мойындамайтынын жеткізіп, соттан өздерін ақтауды сұрады. Бұдан соң судья кеңесу бөлмесіне кетті.

Азаматтық белсенді Сүйін Абулда алаяқтық ісі бойынша тергеушіге куәлік берген. Оның сөзінше, іс бір тергеушіден екіншісіне өткен кезде құжатқа "естідім" деген сөз "көрдім" болып жазылып, бұрмаланған.

2017 жылдың 8 желтоқсанында Әл-Фараби аудандық соты Сүйін Абулданы екі айға қамауға алу туралы санкция берген. Түркістан облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген белсенді кепілмен қамаудан босатылған.

Сүйін Абулда Азаттыққа кепілмен қамаудан босаудың өзі "үлкен машақат болғанын", бұл істің "азаматтық белсенділігімен байланысты, саяси астары бар" деп білетінін айтқан.

Белсенді бұған дейін 2016 жылдың 18 мамыры күні жер мәселесі бойынша митинг өтуі мүмкін екені туралы хабар таратқаны үшін 15 тәулікке қамалған. Сол уақытта бірнеше қалада үкіметтің жер реформасына қарсы тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең ірі әлеуметтік толқу болған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG