Accessibility links

АҚШ пен Еуроодақ Алексееваның қазасына көңіл айтты


Құқыққорғаушы Людмила Алексеева Ресей парламенті ғимараты алдында наразылық пикетін өткізіп тұр. 29 мамыр 2015 жылы түсірілген сурет.

АҚШ пен Еуропа Одағы ресейлік белгілі құқыққорғаушы, Мәскеу Хельсинки тобының жетекшісі Людмила Алексееваның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

Ресейлік құқыққорғау қозғалысы ардагерін онымен Ресей президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі кеңеске мүше болған әріптестері де құрметпен еске алды. "Ол ақтық демі біткенше құқыққорғаушы болып қалды, ол шын мәнінде өзгелер үшін өмірін тікті" деген кеңес жетекшісі Михаил Федотов. "Ұзақ жылдар бойы ол ресейлік құқыққорғау қозғалысының символы әрі мейірімді данышпаны, оның сүйеніші мен туы болатын" дейді кеңес мүшесі Николай Сванидзе.

Алексееваның қазасына байланысты ресейлік оппозициялық саясаткерлер де көңіл айтты.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин "ел өміріне қатысты көптеген маңызды мәселелер бойынша оның [Людмила Алекееваның] принциптік ұстанымын аса құрметтейтін". Путин Алексеевның туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтқан.


Людмила Алексеева Совет одағы тұсында құқыққорғау қызметімен 1960-жылдардың соңынан бастап айналысқан. 1976 жылы Мәскеу Хельсинки тобы құрылған сәттен бастап оның мүшесі болды. Совет билігі қуғынға алғаннан кейін ол 1977 жылы АҚШ-қа эмиграцияға кеткен. "Азаттық" және "Америка дауысы" радиостанцияларында адам құқығы туралы хабарлар жүргізген, СССР-дегі өзгеше ойлатындар тарихын зерттеумен айналысқан.

Алексеева 1993 жылы Ресейге оралып, 1996 жылы мамырда Мәскеу Хельсинки тобының жетекшісі болып сайланды. 2002 жылдан 2012 жылға дейін Ресейдің адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болған. Ал дүниеден өтерінен бес күн бұрын – 2018 жылы желтоқсанның 8-інде қайтадан осы кеңеске мүше болып сайланған. Ол Ресей билігін адам құқықтарын бұзғаны үшін сынайтын.

Людмила Михайловна Алексеева желтоқсанның 8-і күні Мәскеуде 91 жасында дүниеден өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG